Нариман Құрбанов финалға шықты. Нидерландтың Роттердам қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Ат снарядындағы жаттығудың іріктеу кезеңі нәтижесінде қазақстандық Нариман Құрбанов 14.866 ұпай финап, екінші орынмен финалға шықты.
Қоржынымызға тағы алтын түсті. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жаңа ғана еркін күрес бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды және 57 келіде өнер көрсеткен қазақстандық Мерей Базарбаев чемпион атанды. Мерей іріктеу кезеңінде қазіргі әлем чемпионы америкалық Люк Лилледальды 3:1 есебімен жеңіп, жарыстың басты сенсацияларының бірін жасады. Артынша ширек финалда француз, жартылай финалда жапон палуандарын ұтты. Ал финалда Түркия өкілі Бекир Кесерден басым түсті. Осылайша, Мерей әлем чемпионы атағын алған үшінші жерлесіміз атанды. Бұған дейін грек-рим күресі бойынша 60 келідегі Айбек Айтбеков пен 72 келідегі Юсуф Ашрапов алтын жүлдеге қол созып, жанкүйерлерді қуантқан еді.
Ұлттық құрама әлем кубогінде топ жарды
Әлем кубогінің алтынын жеңіп алдық. Дәл қазір Марокконың Касабланка қаласында семсерлесуден дүниежүзілік дода жалғасып жатыр. Бұған дейін командалық сында тарихи нәтижелер тіркеп келген Қазақстан құрамасы бұл жолы да алдына жан салмады. Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов төрттігі әлем кубогі кезеңі аясында бес бірдей кездесу өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, іріктеу кезеңдерінде Түркия мен Гонконгтан ірі есеппен басым түсті. Ширек финалда Мысыр, жартылай финалда Франция командаларын ұтты. Ал финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңді.
Төрт боксшымыз жеңіске жетті
Төрт боксшымыз жеңіске жетті. Дәл қазір Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған аға бапкер Бақыт Сәрсекбаев 10 жігітті іріктеп апарған болатын. Яғни Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр. Жарыстың алғашқы күндері 55 келідегі Айдос Үсенов, 65 келідегі Ақжүрек Қалабай, 85 келідегі Руслан Ахметов және аса ауыр салмақтағы Владислав Саможоновтар жекпе-жек өткізді және барлығы да қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Енді жарыс кестесіне сәйкес қалған жігіттер шаршы алаңға шығады. Будвадағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады. Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додаға 80 елден 550-ге жуық боксшы қатысып жатыр.
Тегтер #24KZ #спорт #күрес #әлем чемпионаты #алтын медальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz