Елдің жетістігі тек сандармен өлшенбейді. Қоғамға пайдасын тигізіп, өзгеге үміт сыйлап жүрген жандардың еңбегі де үлкен жеңістерге бастайтыны анық, деп хабарлайды 24KZ.
Астанада 2024 жылдан бері аутизм белгілері бар балаларға арналған вело-үйірме жұмыс істейді. Инклюзивті жоба бүгінде 100-ге тарта жеткіншектің басын қосқан.
Қайрат Хадылбек өмірінің 11 жылын велоспортқа спортқа арнаған. Жеті жыл бұрын кәсіби велоспортпен қоштасса да, сүйікті ісінен алыстаған жоқ. Бапкерлікке ауысқан ол соңғы 2-3 жылдан бері аутизм белгілері бар балаларды жаттықтырып жүр. Велоспорттағы тұңғыш инклюзивті жобаға атсалысқан Қайрат қазақстандық Форбстың 30 жасқа дейінгі отыздықтың тізіміне енген. Оның еңбегін әсіресе ерекше балалардың ата-аналары қатты бағалайды.
Мәселен, Мәдина Қабиденова екі бірдей баласын осы үйірмеге берген. Бір жарым жылдың ішінде ұлдарының мінез-құлқында оң өзгеріс байқалғанын айтады.
Мәдина Қабиденова, ата-ана:
– Біріншіден тәртіп пайда болды. Содан кейін балама осы велосипед айдау қатты ұнайды. Жолдастары пайда болды. Тренерлермен қарым-қатынасы жақсы. Ең бастысы, бала ашылды.
Спорт баланы шынықтырады, ширатады. «Ал аутист балалардың коммуникациялық қарым-қатынасын тіптен жақсартады», – дейді үйірмедегі жасы ең кіші спортшының әкесі Мирасхан Егізбаев. «Балам Нұрдәулет әр жаттығуын асыға күтеді», – дейді ол.
Мирасхан Егізбаев, ата-ана:
– Өз бетінше, мысалы, қазіргі таңда тапсырмаларды барлығын өз орындай беретін болды. Бұрынғыдай қазір уайымдап, қай жаққа барады, не істейді деген уайым жоқ. Қазір сыртта іс шығып, өз жұмыстарын өзі бітіріп жүре беретін болды.
Қайрат Хадылбектің айтуынша, нәтиже шығару үшін ата-анамен де, өзге әріптестермен де тығыз байланыста болу қажет. Себебі ерекшелігі бар жеткіншектердің тілін табу оңай емес. Дегенмен Нұрдәулеттей балалар жетістікке тез жетеді.
Қайрат Хадылбек, велоспорт жаттықтырушысы:
– Біз жерде бес жаттықтырушы бармыз. Біреуіміз таппасақ, екінші тренер жаңа жаттықтырушы таба алады. Басынан бастап жұмыс барысында, жаттығу барысында көреміз. Әр түрлі әдіс тәсілдермен. Мысалы, кейбір балалар ата-аналарымен айналысамыз келген уақытында қалай болады, қалай жұмыс істеп болады деп. Сосын уақыт уже тәжірибе жүзінде уже балалар үйренгеннен кейін балалар өзі ашыла бастайды.
Бүгінде инклюзивті велоспорт үйірмесіне 100-ге тарта бала қатысады. Жеткіншектер Астанадағы мамандандырылған Сарыарқа велотрек алаңында жаттығып жүр. Кезінде Қайрат үшін мұндай инфрақұрылым арман болатын. «Велоспортқа енді аяқ басқан шағында бұл спортқа жұрт аса мән бермейтін», – дейді ол.
Қайрат Хадылбек, велоспорт жаттықтырушысы:
– Ал қазіргі күнде осы ерекше балаларға үлкен жағдай жасалған біздің клубтың атынан. Біздің клуб қазіргі күнде жекеше клуб болса да, бірақ балалардың барлығында велосипед, экипировка бәрі біздің клубтан беріледі. Және аптаның бес күнінде де біз осы велотректе жаттығу жасаймыз. Түнге дейін кешке күніне екі рет және кәсіби спортшылардан кем емеспіз. Бізге де үлкен үміт те де салып жатыр. Қазір өзіміздің демеушілеріміз бар. Бала саны да көп бізде.
Болмысы ерекше балалардың велоспортқа деген құштарлығы да айрықша. Олар Александр Винокуров салған сара жолды жалғаушы Алексей Луценко, Евгений Федоров, Рината Сұлтанова сынды саңлақтарға қарап бой түзейді. Отандық велоспорттың дамуы – оны кеңінен дәріптеуге жол ашады. Ал оның жалқыға емес, жалпыға арналған спорт түріне айналуына Қайраттай жаттықтырушылар сеп болады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #24KZ #спорт #велоспорт #инклюзивті спорт #сұранысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz