Осы аптада Каталонияның «Барселонасын» ауыр сынақ күтіп тұр.
Ханси Флик шәкірттері алдымен Чемпиондар лигасының топтық кестесіне сәйкес ертең ПСЖ алаңына қонаққа барады. Төрт күннен кейін жұрт асыға күтіп отырған эль классико бар. Маусым басталғалы қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан Барсаның нағыз сыналатын тұсы осы. Өйткені екі ойында каталониялықтар үшін өте маңызды. Біріншіден, Барсаның француздарға кеткен есесі бар. Ал Реал ежелден қарсылас. ПСЖ-ға тағы да ұтылып жатса жанкүйерлер түсіністікпен қарауы мүмкін, ал Корольдік клубқа жеңілсе, фанаттар кешірмейді. Ауыр сынақ деп отырғанымыз сол. Және Ла лиганың соңғы турында Эрик Гарсия мен Жюль Кунде жарақат алып қалды. Сондықтан қорғаныс шебінде олқылықтар болуы мүмкін. Дегенмен, Ламин Ямаль бабында және Рафиньяда қатарға қосылып, жанкүйерлерді бір қуантып қойды. Енді олар алдағы болатын екі ойынды асыға күтеді.
Бесінші Пара Азия ойындары Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды деп айтуға толық негіз бар. Жарыстың бірінші қоржынымызға үш алтын үш күміс және үш қола медаль түсті. Пневматикалық винтовкамен нысана көздеу сайысында Еркін Ғаббасов чемпион атанса, пара пауэрлифтингтан 54 келіге дейінгі салмақта Давид Дегтярев ойындар рекордын жаңартып жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ парадзюдошылардың бәсекесінде қарсыластарының барлығын жыққан Ибрагим Нұрмаханұлы да Пара Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Ал Тұрсынай Қабыл мен Алина Солодухина пара пауэрлифтингтен күмістен алқа тақса, пара велоспортта Анастасия Калаус екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Кирилл Илюкевич пен Альфия Тілекқабыл және Айжан Берімқұловалар қола медальды қанағат тұтты. Жалпы командалық есепте Қазақстан пара Азиада құрамасы үздіктер қатарында келеді.
Нариман мен Нұртаң финалда
Дәл осы күндері Нидерландының Роттердам қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан намысын қорғауға барған үміткерлер арасынан Нариман Құрбанов пен Нұртаң Ыдырысов финалға жолдама алды. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман өзінің оң жамбасына келетін ат снарядындағы жаттығуын өте сауатты орындап 14,866 ұпаймен шешуші кезеңге шықты. Құрбановтың алдында армян өкілі Ганет Манукян ғана бар. Жерлесіміз финалда қателіктерге бой алдырмаса, жүлде бөлісіне араласатын мүмкіндігі жоғары. Ал Нұртаң көпсайыста тамаша нәтиже көрсетті. Ол іріктеу кезеңінің қортындысы бойынша 79,665 ұпай жинап финалға жолдама алды. Көпсайыс бойынша финалдық кезең 22-ші, ал снаряд жаттығулары бойынша 24 қазанға жоспарланған.
Тегтер #Барселона #футбол #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz