Алматыда Almaty Open ATP 250 /Эй Ти Пи 250/ халықаралық теннис турнирі өтіп жатыр.
Жарысқа әлемнің жетекші ойыншылары жиналды. Биыл рейтингте 5-орында тұрған Даниил Медведев бастаған мықтылар келді. Қазақстанның төрт спортшысы жекелей сында ойнайды. Жұптық жарыста да жерлестеріміз бар.
Almaty Open турнирі осы күздің басты оқиғасы. Фестиваль аймағы, ойын-сауық, шоу-бағдарлама халықаралық жарысқа тән ерекше атмосфера қалыптастырды. Оның үстіне Almaty Open – ТМД аумағындағы ATP 250 санатына кіретін жалғыз турнир.
Медет Байкен, Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры:
- Бұл жарысқа Александр Бублик, Даниил Медведев, Андрей Рублев, Стефанос Циципас, Эчевери, Дардери, айта берсек барлық 32 қатысушының әрқайсысы әлемдік бір-бір жұлдыз. Және де біз осы ойыншылардың бұл жарысқа келіп, қатысуы Қазақстан теннис федерациясының жылдар бойы жасаған еңбегінің үлкен нәтижесі, бағалануы деп есептейміз.
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин осы турнирде соңғы рет ойнайды. Яғни ол 20 жылға созылған спорттық жолын аяқтайды. Бүгінгі қарсыласы грекиялық Стефанос Сакелларидис.
Михаил Кукушкин, теннисші:
- Менің спорттық мансабым ұзаққа созылды және оны жақсы деп бағалаймын. Әрине спорттық жолымның бұдан да жақсы болғанын қаладым. Бірақ бұл ойын. Бірде жеңесің, берде жеңілесің. Жас та өз әсерін тигізеді, мен енді 18-де емеспін. Биыл көктемде мансабымды аяқтайтын уақыт келгенін түсіндім. Жарыстарды, алаңды сағынатын болам. Елімізде жастар арасында жақсы теннисшілер бар. Олар әлі талай топ жарып, Қазақстанның атын шығарады деп сенем.
Михаилден өзге турнирдің негізгі кезеңінде Қазақстан атынан Александр Бублик, Тимофей Скатов және Заңғар Нұрланұлы өнер көрсетеді. Жұптық сында да бірнеше теннисшіміз бар.
Парвиз Мұратов, қала тұрғыны:
- Алдыңғы жылы бізде Медведев жеңген еді. Оның алдыңғы жылы Карен Хачанов болған. Осы жылы мен біздің қазақстандықтар жеңетініне енді үміттемін. Сондықтан біз жанкүйер боп келе жатырмыз. Үлкен LED экран қойып қойыпты. Сол алдында пуфиктер, бәрі ыңғайлы боп тұр. Бәріміз отырып, қарап отырамыз.
Мирас Айдарәли, 8-сынып оқушысы:
- Менің жасым он үште. Төрт жасымнан бері осы тенниске кеп жүрмін. Аптасына тренировкаларым алты рет болады. Күніне үш сағаттан боп жүреді. Мен өскен кезімде Рафаэль Надаль, Новак Джокович және Роджер Федерер сияқты болғым келеді.
Турнирдің негізгі кезең матчтары 25 қазанда аяқталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асады. Одан бөлек жекелей сынның жеңімпазы ATP рейтингінде 250 ұпайға ие болады.
Авторлары Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев
Тегтер #Almaty Open #ATP 250 #турнир #теннис #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz