Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін 50 келіде шаршы алаңға шыққан Әділ Асқанбай Украина үміті Михайло Сидоренконы 4:1 есебімен жеңсе, 65 келі салмақта Ақжүрек Қалабай эстониялық Александр Живолоуптан басым түсті.
Жазғы Пара Азия ойындары
Жапон жерінде өтіп жатқан жазғы Пара Азия ойындарынан бүгінде жақсы жаңалықтар жетті. Парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза 81 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол финалда кәріс Ким Донхунды иппонмен жеңді. Ал 100 метрге шалқалай жүзу сайысында Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартып қана қоймай, алтын медаль иеленді. Бұл – Диастың осы жарыстағы үшінші жүлдесі. Бұған дейін 200 метрге шалқалай жүзуде күміске қол жеткізсе, 100 метрге еркін әдіспен жүзуде де екінші орыннан көрінген болатын.
Роналду айыппұл төлейді
Кейде адам мінезі де өз-өзіне кесірін тигізіп жатады. Ашуға бой алдырып, артынан опық жеп жататындар қаншама. Атағынан ат үркетін Роналду мансабы аяқталар тұста аяғын шалыс басып, абыройына нұқсан келтірді. Естеріңізде болса, осыдан санаулы күндер бұрын ұлттық құрама сапынан кетіп қалған Криштиану Роналду төңірегінде дау-дамай басталған болатын. Кейін футболшының өзі жанкүйерлерден кешірім сұрап, артынша бас бапкер Жезуске деген өкпе-назын жеткізді. Біраз уақыттан бері тексеру жұмыстарын жүргізген Португалия футбол федерациясы кеше Роналдуға қатысты шешім шығарыпты. Яғни Криштиану 30 күнге шеттетіліп, 255 еуро көлемінде айыппұл арқалады. Бірақ ресми мәлімдемеде шеттетудің нақты қандай матчтарға немесе іс-шараларға қатысты қолданылатыны көрсетілмеген. Осылайша, 23 жылдан бері Португалия құрамасының тірегі болып келген Роналду бірақ күнде беделін түсіріп алды. Десе де, ел футболының тізгінін ұстаған Педру Проэнсе Роналду қайтып оралады деп отыр. Оралуы мүмкін, бірақ сынған шөлмек қалыпқа келе ме? Мәселе сонда.
Ұлыбритания бұрынғы достар бүгін қарсылас
Бүгін Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңі жалғасады. Тартысқа толы тоғыз ойын бар десек, солардың ішінде достардың командасы да бір-бірімен жоллықалы отыр. Әңгіме «Ливерпуль» мен «Вильярреал» бапкерлері жайлы. Ағылшындарды баптайтын Андони Ираола мен испан клубын жаттықтыратын Иньиго Пересті арасынан қыл өтпес достар болған деседі. Бір кездері екеуі тізе қосып Испанияның «Райо Вальеканосын» төрге сүйреген. Кейін Ираола Борнмуттың тізгінін ұстаған кезде Пересті де қасынан тастағысы келмеген, бірақ Иньиго ағылшын жерінде жұмыс істейтін рұқсат қағазын ала алмапты. Осылайша, достардың арасы екіге бөлініп, Перес Испанияда қалып қояды. Енді міне, соқыр жеребе екеуінің қайтадан басын қосып отыр. Бірақ бұл жолы – қарсылас ретінде. Бүгін қайсысының командасы жеңіске жетерін дөп басып айту қиын. Қағаз жүзінде «Ливерпуль» – фаворит. Бірақ алаң иелерін алға сүйрейтін Доминик Собослаи мен Джереми Фримпонг жарақатына байланысты алаңға шықпайды. Ал «Вильярреалдың» төрт көзі түгел. Ендеше, ағылшындарға үш ұпай оңайшылықпен келе қоймайды.
Авторы: Жандос Айтбай
Тегтер #24KZ #спорт #Азия Пара ойындары #боксшыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz