RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте нысана көздеуден халықаралық турнир басталды

22.10.2026, 08:40 35

Астанадағы әлем чемпионатына екі күн қалды. 24 қазанда елордадағы «Барыс-Аренада» күрес түрлерінен дүниежүзілік дода өтеді. Оған 135 елден 900-ден аса балуан қатысады. Жарыс 9 күнге созылады, деп хабарлайды 24KZ.

13 елдің үздіктері Шымкентке жиналды. Бұнда нысана көздеуден Владимир Почиваловты еске алуға гран-при басталды. Айта кету керек, байрақты бәсеке жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады және биыл 35-ші мәрте өтіп тұр. Халықаралық додаға 13 елден 250-ге жуық сұрмерген жиналды. Олар 10 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Жарыс жабық спорт кешенінде тапаншамен ату және ашық аспан астында стенд ату бағыттары бойынша болады. Алғашқы жарыс күндері қазақстандық спортшылар арасынан ересектерде 10 метрге тапаншамен атуда Кирилл Цуконов алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде Грузия, ал қола жүлде Ресей спортшыларына бұйырды. Ал жасөспірімдер арасында қазақстандық Руслан Ершов қоржынымызға қола салды. Бұл сында алтын жүлдені Индонезия, күміс жүлдені Грузия өкілдері иеленді. Шымкенттегі жарыс 28 қазанға дейін жалғасады. Тағы бір айта кетерлігі, жеңіске жеткен қыз-жігіттерге рейтингілік ұпайлар беріледі. Бұл көрсеткіш 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін олимпиада ойындарының жолдамасын алуға көмектеседі.

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты

Еркетаң жеңді, Руслан жеңілді. Черногорияның Будва қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Оған аға бапкер Бақыт Сәрсекбаев 10 жігітті іріктеп апарған болатын. Яғни Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Бүгінге дейін аталмыш 10 жігіттің 8-і жеңіске жетіп, іріктеу кезеңінің келесі кезеңіне өтті. Ал екеуі жарысты аяқтады. Атап айтқан болсақ, күні кеше 90 келідегі Еркетаң Жарқынбек мексикалық боксшыны ұтып, ширек финалға шықты. Бұған қоса, 50 келідегі Әділ Асқанбай, 55 келідегі Айдос Үсенов, 60 келідегі Данияр Ақбисенов, 65 келідегі Ақжүрек Қалабай, 70 келідегі Бибарыс Әшірбай, 80 келідегі Тимур Тайбеков және аса ауыр салмақтағы Владислав Саможоновтар жекпе-жектерін сәтті өткізді. Ал 85 келідегі Руслан Ахметов пен 75 келідегі Әмір Рамазан жарысты ерте аяқтады. Енді нағыз тартыс басталады. Өйткені негізгі бәсекелестермен алдағы күндері жолығамыз. Будвадағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады.

ҚХЛ: «Барыс» бір ұпай еншіледі

«Барыс» «Адмиралға» есе жіберді. Десе де, бір ұпай еншіледі. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық клуб сырт алаңдағы матчтар сериясын жалғастырып жатыр. Михаил Кравец баптайтын жігіттер Ресейдің Владивосток қаласына барып, жергілікті «Адмирал» командасымен кездесті. Ойын өте тартысты өтті және негізгі уақыт 4:4 есебімен аяқталды. Қазақстандық клуб сапынан Джастин Бэйли, Тайс Томпсон, Эванс Приски және Семён Симонов шайба соқты. Ал қосымша уақытта алаң иелері белсенді болып, қорытынды есепті 5:4-ке жеткізді. Салдарынан «Барыс» турнир тізімінде бір саты төмендеп, шығыс конференциясының үшінші орнына жайғасты. Астаналық команда келесі ойынын 26 қазанда өткізеді. Екатеринбург қаласында жергілікті «Автомобилисть» клубымен жолығады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz