Астанада ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында II республикалық UNI Football League турнирі өтті. Жарыс алаңына еліміздің әр өңірінен 90-ға жуық жас футболшы жиналды, деп хабарлайды 24KZ.
Нұрасыл Қалел турнирге қарындасымен бірге келді. Семей қаласында олар менталдық ерекшеліктері бар балаларға арналған футбол үйірмесінде жаттығады. Анасының айтуынша, мұндай жарыстар балалардың қоғамның ажырамас бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік береді.
Әсемгүл Оралбек, Нұрасыл Қалелдің анасы:
- Біздің балаларымыздың қоғамға қажет екенін көріп отырмыз. Бүгінде республикалық үлкен спорт сарайында отырғанымыздың өзі — соның айқын дәлелі. Балаларымның қоғамның бір бөлшегі екенін өз көзіммен көріп, бұған толық көз жеткізіп отырмын.
Балаларға қиындықтарды еңсеруге тәлімгерлері көмектеседі. Петропавл қаласының жаттықтырушысы Максим Дубыниннің айтуынша, тұрақты жаттығулар жас футболшылардың физикалық дайындығын нығайтып, өзіне деген сенімін арттырады. Сондай-ақ балалар өзгелермен еркін араласып, командалық ойынға бейімделе түседі.
Максим Дубынин, жаттықтырушы:
– Біріншіден, балалар физикалық тұрғыдан күшейеді. Екіншіден, қарым-қатынас орнатып, басқа балалармен сөйлесуден қорықпайды. Командалық ойын олардың ұйымшылдығын арттырады.
Қазір лига секцияларында Қазақстанның тоғыз қаласынан 120-ға жуық бала жаттығады. Үш жыл ішінде 700-ге жуық жаттығу өткізілген. Жобаға кәсіби футболшылар да қолдау білдіріп келеді. «Қызылжар» және «Атырау» клубтарының ойыншылары балаларға арнап шеберлік сабақтарын ұйымдастырған. Петропавл клубымен ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылған. Жоба халықаралық деңгейде де мойындалып, UEFA ұйымының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үздік бастама аталымында қола жүлдеге ие болды.
Бағлан Мусина, «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының президенті:
– Uni football League жобасының бюджеті аса үлкен болмауы мүмкін, бірақ оның маңызы зор. Жылдық шығыны шамамен 50–60 миллион теңгені құрайды. Футболды одан әрі дамытып, нәтижесін жақсарту үшін демеушілер мен серіктестерді көбірек тарту қажет.
Бір күнде турнир қатысушылары 20 матч өткізді. Дегенмен жарыстың басты нәтижесі соғылған голдар емес. Маңыздысы – әр баланың өзін нағыз футбол командасының мүшесі ретінде сезініп, ортаға бейімделуіне мүмкіндік беру.
Тегтер #Астана #ерекше балалар #футбол #турнирPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz