RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды

03.11.2026, 20:40 40

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Бахрейнде өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды 24KZ.

Үш алтын, төрт күміс, төрт қола жүлде иеленген жерлестеріміз жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінді.

Жасөспірімдер олимпиадасы

Сенегал астанасы Дакар қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасында Қазақ елінің қоржынына алғашқы жүлде түсті. Және ол – алтын. 17 жастағы дзюдошы Фатима Сұпығалиева қара құрлықтағы қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен ұтты. Яғни ширек финалда костарикалық Химену Моралес пен жартылай финалда словакиялық Вивьенді және финалда Португалия үміті София Гаспарды иппон әдісімен жеңген Фатима алтыннан алқа тақты. Осылайша, Сұпығалиева бұған дейінгі жасөспірімдер олимпиадасында шың басынан көрінген Бауыржан Жауынтаев пен Бекарыс Сәдуақас ағаларының жолын жалғастырды. Ал жағажай волейболынан жарысты өте сәтті бастаған Оразалы Сағыныш пен Әлихан Ағабек жұбы өз топтарында 2-ші орыннан көрініп, плей-оф кезеңіне жолдама алған. Өкінішке қарай, 1/8-ші финалда Иран құрамасына 1:2 есебімен жол беріп, жарысты аяқтады.

Еуропа чемпиондар лигасы

Бүгін Еуропа чемпиондар лигасының 4-ші тур ойындары өтеді. Барселона Камп Ноуда ағылшындардың Астон Вилласын қабылдайды. Алаң иелеріне 3 ұпай ауадай қажет. Каталониялықтар сүрініп жатса, үздік сегіздіктің қатарынан шығып қалады. Сондықтан Ханси Флик шәкірттері тек жеңіске жетуді көздейді. Бірақ қонақтар осал емес. Ағылшын премьер-лигасында ала-құла ойнап жүргенімен, чемпиондар лигасында ұпайдан шашау шығарған жоқ. Рас, Астон Вилланың бұған дейінгі қарсыластары анау айтқандай мықты емес еді. Брюгге мен Фенербахче және Викинг клубтарына негізгі кезеңге шыққаның өзі үлкен жетістік болып саналады. Унаи Эмери командасының нағыз сыналатын тұсы осы. Егер Барселонаға тұсау салып жатса, онда Астон Вилла алысқа баруы мүмкін. Каталониялықтардың қорғаныс шебінде олқылықтар бар. Кристенсен мен Эспарт және Гарсия мен Кунделер жарақатына байланысты бүгінгі ойынға қатыса алмайды. Ал Астон Вилла сапынан дәл осындай себептерге байланысты Уан Биссака мен Брайан Маджо және Амаду Онаналар Англияда қалып қойды.

Тартысты ойын тең аяқталды

Азия чемпиондар лигасының топтық кезеңі жалғасып жатыр. Төртінші турда Катардың «Аль Садд» командасы Сауд Арабиясының «Аль Ахли Джиддасын» қабылдаған болатын. Теке тіреспен өткен кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Егер «Аль Садд» қақпашысы Баршам болмағанда қонақтар ірі есеппен жеңіске жетер еді. Франсишку Тринкан мен Эдуард Сперциян және шабуылшы Айван Тоунилардың соққысын тойтара білген Баршамға жергілікті жанкүйерлердің ықыласы ерекше. Бұл ойныда алаң иелеріне жеңіс ауадай қажет еді. Бірақ Роберто Фирмино бастаған жігіттер шабуыл шебінде ширақылық таныта алмады. 4 турдан кейін «Аль Садд» 2 ұпаймен көш соңында қалып қойды. Ал «Аль Ахли Джидда» 4-ші сатыда келеді. Естеріңізге салайық, топтық турнирден кейін 32 команданың ішінен 16 команда ғана плей-оф кезеңіне жолдама алады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz