Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық зілтемірші Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан дүниежүзілік біріншілікте 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орыннан көрінді. Нұрғиса қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келіні көтерді, деп хабарлайды 24KZ.
Мергендер қоржынында қола медаль
Дәл осы күндері Катар астанасы Доха қаласында нысана көздеуден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл жарыстың маңыздылығы құралайды көзге атқан мергендер жүлделі орындармен қоса Лос-Анджелес олимпиадасының жолдамаларын да сарапқа салады. Қазақ елінің намысын қорғауға біраз спортшы барды. Әзірше қоржынымызда – бір ғана қола медаль. Кеше Ирина Юнусметова кіші калибрлі тапаншамен 50 метрден нысана көздеу сайысында 537 ұпай еншілеп үштіктен көрінді. Ал 10 метрден бақ сынаған ерлер сайысында Қазақстан құрамасы тіпті ондыққа кіре алмады. Қазақстан құрамасының сапынан Ислам Сәтпаев пен Константин Малиновский және Никита Шахториндер сынға түсіп, ең үздік нәтиже көрсеткен Ислам Сәтпаев 33-ші сатыға тұрақтады. Естеріңізге салайық, әлем чемпионаты 14-ші қарашаға дейін жалғасады.
Таеквондошылар додасы басталды
Алматыда таэквондодан Қазақстан чемпионаты басталды. Бұл сынға еліміздің барлық өңірінен 350-ге жуық үміткер келді. Олардың арасында халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген тәжірибелі спортшылармен қатар енді ғана ересектер турнирінің есігін ашқан жастар да бар. Шығыс жекпе-жек өнерінің осы бір түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Қазір қыз-жігіттер кез келген байрақты бәсекеден құры қол қайтып жүрген жоқ. Таэквондошыларды алда үлкен сынақтар тосып тұр. Қараша айының соңына елордада әлемдік гран-при жарысының финалдық кезеңі өтеді. Ал келер жылы әлем чемпионатының жалауы да Астана қаласында желбірейді. Ұлттық біріншілікте топ жарған ұл-қыздар құрама сапына алынып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.
Уоткинс Симеоне сенімін ақтады
Азия чемпиондар лигасында қазіргі таңда сауд арабиялық клубтардың қарқыны күшті. Әлем жұлдыздарын шақыртып ел футболын дамыту бағытында қыруар қаржы жұмсаған араб байларының әзірше жоспары жүзеге асып жатыр. Құрлықтағы айтуыл жарыстардың бәрінде саудиялықтардық тасы өрге домалап тұр. Кеше Симоне Индзаги жаттықтыратын «Әль-Хиляль» өз алаңында Біріккен Араб Әмірліктерінің Шабаб «Әль-Ахли» клубын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Екі голдың да авторы – шабуылшы Олли Уоткинс. Астон Вилладан ауысып келген Англия құрамасының шабуылшысы орда бұзар жасында ақша табу керектігін жасырмай, Еуропалық клубтардың ұсыныстарын ысырып қойып, Сауд Арабиясына келді. Уоткинс жеген нанын ақтап жүр десек те болады. Чемпиондар лигасында ғана емес, ұлттық біріншілікте де командасын төрге сүйреп жүрген шабуылшы өткен айда Сауд Аарабиясының үздік футболшысы да атанып үлгерді. Маңызды үш ұпайды қоржынға салған «Әль-Хиляль» турнир кестесінің екінші сатысында келеді.
Тегтер #24KZ #спорт #ауыр атлетика #футбол #таеквондо #мергенPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz