Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер арасындағы шайбалы хоккей құрамасы Қытай командасын ойсырата жеңді.
Талғат Жайлауовтың шәкірттері қарсыластың қақпасына жауапсыз 5 шайба соқты. Есеп екінші кезеңде ашылды, Саян Данияр дубль авторы атанды. Қазақстандықтар ойынның соңғы бөлігінде тағы үш шайба салды. Оларды Артур Гатиятов, Оскар Юлбарисов және Кирилл Никитин соқты. Бұл біздің құраманың азиялық біріншіліктегі екінші ойыны. Бұған дейін қазақстандық хоккейшілер жапондарды 3:2 есебімен ұтқан болатын. Қазіргі уақытта біздің спортшылар чемпионат турнир кестесінде көш бастап тұр, екінші орында Жапония, үшінші орында - оңтүстіккoрeялықтар, ал Қытай құрамасы әзірге соңғы орында. Қазақстандықтар соңғы матчын жексенбі күні турнир қожайындары - Оңтүстік Корея құрамасымен өткізеді.
Талғат Жайлауов, ҚР хоккей құрамасының бас бапкері:
- Бүгін матчты өте нашар бастадық, тек бірінші кезеңнен кейін жігіттер жинақылық танытты. Қалған екі кезеңде жаман ойнаған жоқпыз, команда алға қойған міндетті орындады. Бірінші кезеңде қақпа маңында белсенді қимылдау керек еді. Кейін жігіттер жаттықтырушылар тапсырмасын тиянақты орындады. Бұл өз нәтижесін берді.
Тегтер #Таңдаулы #Қазақстан #хоккей #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz