Келесі маусымда отандық 4 клуб еурокубоктік ойындарға қатысады.
Яғни “Ордабасы” мен “Қайрат”, “Оқжетпес” пен “Астана” ұжымдары құрлықтық додада ел намысын қорғайды. Осы орайда басты сұрақ туындайды. Қай команданың Еуропадағы жорығы ұзаққа созылады?
Еуропаға апарар 4 жолдама. Бірі ел чемпионы, екеуі – тәжірибелі ұжым, тағы біреуі араға 17 жыл салып, құрлықтық додаға қайта оралып отыр. Сонымен биыл ел біріншілігі мен Қазақстан кубогін қанжығасына байлаған “Ордабасы” енді өзін Еуропада дәлелдеуі тиіс. Шымкенттіктер ойынды Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен бастайды.
Асқар Хамиден, футбол сарапшысы:
- Чемпиондар лигасының жолы басқа командаларға қарағанда жеңілірек болады. Сондықтан “Ордабасының” кем дегенде конференциялар лигасының топтық кезеңіне түсетін мүмкіндігі бар. Егер команда құрамын жасақтап, бас бапкерге, спорттық директорға қатысты нақты шешімдер қабылдаса, Ордабасыда өте жақсы мүмкіндіктер болады. Одан кейін стадион сапасы. Әрине Шымкентте жанкүйерлер жиналып жатыр. Бірақ бір жерде тоқтап қалмай, 60 мыңдық стадион жайлы әңгіме сөз күйінде қалмауы керек.
“Оқжетпес” жанкүйерлері үшін конференция лигасында ойнау үлкен жаңалық болды. Олар ішкі чемпионатта 4-орын алып, клуб тарихындағы ең үздік нәтижесін тіркеді. Көкшетаулықтар алғашқы іріктеу айналымынан бастап өнер көрсетеді. Клуб басшылығы турнирдің келесі кезеңдеріне өту үшін командаға жаңа ойыншылар алып, құраманы күшейтуді жоспарлап отыр.
Ербол Қайыров, “Оқжетпес” футбол клубының директоры:
- Келесі жылы үлкен жұмыс атқарылады. Клубтың абыройын халықаралық аренада қорғай білу. Сол себепті құрамамызды күшейтеміз. Қазақстан құрамасының футболшылары бізге ауысады. Шетелдік футболшылар командада қалады. Келісімшарттарын ұзартамыз.
Ал “Астана” мен “Қайратқа” құрлықтық доп додасы таңсық дүние емес. Жанкүйерлер осы 2 ұжымға қашан да үміт артады. Алматылықтар жарысты конференция лигасының 2-айналымынан бастаса, елордалықтар бірінші іріктеу кезеңінде ойнайды. Екеуі де биылғы маусымда сәтсіз өнер көрсетіп, тізгінді “Ордабасыға” берген болатын.
Асқар Хамиден, футбол сарапшысы:
- Мысалы, “Қайрат” былтыр Чемпиондар лигасында ойнады. Бірақ құрамын сол жылмен салыстырмалы түрде есептегенде қатты күшейткен жоқ. Сондықтан биылғы жолдары сәтсіз болды деп ойлаймын. Егер құрамды күшейтіп, тапқан қаржыны командаға салған жағдайда "Қайраттың" да биыл топтық кезеңге өтетін мүмкіндігі болатын еді.
Айта кетейік, УЕФА тарапынан қазақстандық клубтарға 4 квота бөлінген. Ел біріншілігінің жеңімпаздары Чемпиондар лигасында ойнаса, екінші, үшінші, төртінші орын алған командалар конференция лигасында сынға түседі. Егер еурокубоктік турнирлерде жақсы ойнап, рейтингте көтерілсе, берілетін квота саны да артады.
Авторлары Мерей Қанапия, Серік Қоңырбаев
Тегтер #Қазақстан #футбол #еурокубок #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz