RU
Толық нұсқаға өту

Бибарыс Әшірбай мен Ақнұр Тұрсынғали финалға шықты. Бокс

12.11.2026, 09:30 33

Қазақстан құрамасы Кишиневке жетті. Ертең футболдан УЕФА ұлттар лигасы аясында Қазақстан және Молдова командаларының кездесуі өтеді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл матчқа Азамат Тұяқбаев, Ислам Чесноков, Максим Самородов, Галымжан Кенжебек и Рамазан Оразов сияқты үздік футболшылар аттанды. Матч біздің уақытпен 22:00-де басталады.

Екі боксшымыз финалға шықты

Бибарыс пен Ақнұр финалға шықты. Сенегал астанасы Дакар қаласында жасөспірімдер арасындағы Олимпиада өтіп жатыр. Әсіресе бокс бойынша бәсекелер мәресіне жетуі жақын. Күні кеше алтынды сарапқа салатын барлық финалист анықталды және аталмыш тізімде қос бірдей қазақ бар. Атап айтқанда, 70 келідегі Бибарыс Әшірбай жартылай финалда Мексика өкілін 5:0 есебімен жеңді. Ал 57 келідегі Ақнұр Тұрсынғали Украина спортшысынан 4:1 есебімен басым түсті. Енді Бибарыс финалда Британияның, ал Ақнұр Бразилияның боксшысымен жұдырықтасады. Шешуші кездесулер бүгін өтеді. Бұған қоса, тағы бір қазақ қызы 54 келідегі Марал Төлепберген жартылай финалда Өзбекстан спортшысынан жеңіліп, қола жүлдегер атанды. Жалпы айтар болсақ, Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге үш медаль бар. Бұған дейін велоспортшы Әнел Тәшбай пен дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медаль жеңіп алды.

4 боксшымыз әлемдік рейтингте топ бастап тұр

Төрт боксшымыз рейтингте топ бастады. World Boxing ұйымы соңғы жарыстарды саралап, әр салмақ бойынша әлемдік тізімді жаңартты. Оған сәйкес 50 келідегі Санжар Тәшкенбай, 70 келідегі Төрехан Сабырхан және аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай бірінші орынға жайғасты. Бұған қоса, әйелдер арасында 70 келідегі Наталья Богданова да көш басында. Ал ұлттық құрама сапындағы Махмұд Сабырхан, Назым Қызайбай және Аида Әбікеева екінші орында тұр. Азия ойындарының қола жүлдегері Алуа Балқыбекова да бір саты жоғарылап, екінші орынға көтерілді. Дина Исламбекова мен Нұрбек Оралбай болса, өз салмақ дәрежелеріндегі рейтингтің үздік үштігіне енді. Қазақстан бокс құрамасы қыркүйек айында Жапонияда өткен Азия ойындарында екі алтын және үш қола медаль жеңіп алған болатын.

Нысана көздеуден әлем чемпионаты

Әлем чемпионатындағы көрсеткіш көңіл көншітерлік. Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун қазақстандық қыз-жігіттердің нәтижесіне осындай баға берді. Айта кетейік, Катар астанасы Дохада дәл осы спорт түрінен дүниежүзілік дода өтті. Біздің спортшылар арасынан Ирина Юнусметова жеңіс тұғырына көтерілді. Ол тапаншамен 50 метрден нысана көздеу сайысында 537 ұпай еншілеп, қола жүлде еншіледі. Париж олимпиадасының жүлдегері Александа Ле финалға шығып, жарыс қорытындысы бойынша жетінші орынға жайғасты. Никита Чирюкин мен Ислам Сәтпаев та жақсы нәтиже тіркеді. Бас бапкердің айтуынша, енді әлем чемпионатындағы олқылықтарды ескеріп, сұрмергендеріміздің шеберлігін одан сайын шыңдау қажет. «Басты мақсат – алдағы жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, көбірек олимпиада жолдамасын алу», - деп сөзін түйіндеді Ольга Довгун.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz