Бұл жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін! Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Сауль Альвареске қатысты осындай пікір білдіріп, оны бокс кешін өткізуге шақырды.
«Канело да, оның командасы да мені жақсы біледі. Алайда олар жұдырықтасуға келісе қояды деп ойламаймын. Егер келіссе, бұл жекпе-жекті бүкіл әлем тамашалайды», – деді Әлімханұлы.
Үш боксшымыз жүлдеге ілікті
Сенегал астанасы Дакарда жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жалғасып жатыр. Әсіресе, бокс бойынша бәсекеде барлық медаль сарапқа салынды. Қазақстан атынан үш спортшы бақ сынаған еді. Үшеуі де жүлдеге ілікті. Өкініштісі, қоржында алтын жоқ. Бибарыс Әшірбай мен Ақнұр Тұрсынғали финалға шыққан еді. Бірақ шешуші сында қарсыластарына есе жіберді. 70 келідегі Бибарыс Әшірбай финалда Ұлыбритания боксшысына 1:4 есебімен жеңілді. Ал 57 келідегі Ақнұр Тұрсынғали да Бразилия өкілінен 1:4 есебімен ұтылды. Осылайша екеуі де күміс жүлдегер атанды. Бұған қоса, тағы бір қазақ қызы 54 келідегі Марал Төлепберген жартылай финалда Өзбекстан спортшысынан жеңіліп, қола жүлдегер атанды.
Жалпы айтар болсақ, Қазақстан Құрамасының қоржынында алты медаль бар. Бұған дейін велоспортшы Әнел Тәшбай мен дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медаль жеңіп алды.
Әлемдік аламанда жеңіске жетті
Қоржынымызда үш медаль. Оның біреуі – алтын. Бразилияның Сан-Паулу қаласында боччадан Әлем кубогы өтті. Оған 26 елдің құрамалары қатысты. Ел намысын қорғаған спортшылар арасынан Қуаныш Асқарбеков жақсы өнер көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды. Ал қазақстандық Итиана Шыңғысханова жекелей сында күміс жеңіп алды. Бұған қоса, командалық сында да біздің спортшылар күміске қол созды. Бұл елімізде 2021 жылы негізі қаланып, содан бері жүйелі жұмыс жасап келе жатқан бочча мектебінің ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі деуге болады. Ұлттық құрама алдындағы ендігі мақсат – халықаралық жарыстарда рейтингілік ұпайлар жинап, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралаимпиада ойындарына жолдама алу.
ҚХЛ: «Барыс» «Адмиралды» жеңді
«Барыс» «Адмиралды» жеңді. Құрлықтық Хоккей линасында өнер көрсететін қазақстандық клуб кезекті кездесуін өз алаңында өткізді. Бұнда Владивосток қаласынан «Адмирал» командасы келді. Кездесу алаң иелерінін басымдығымен басталды. Алдымен Мэйсон Морелли есеп ашты. Бірінші кезеңнің соңына қарай «Адмирал» ойыншылары не бары 35 секунд ішінде екі шайба соғып, алға шықты. Екінші кезеңде есеп өзгерген жоқ. Ал шешуші кезеңде Аркадий Шестаков таразы басын теңестірсе, Всеволод Логвин дубль жасап, елордалық клубқа жеңіс сыйлады. Осылайша «Барыс» турнир тізіміндегі жағдайын сәл де болса жақсартты. Михаил Кравец баптайтын жігіттер енді келесі кездесуін 15 қарашада Астанада Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы өткізеді.
Тегтер #Жәнібек Әлімханұлы #Канело #жекпе жек #Барыс #Адмирал #хоккей #Әлем кубогыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz