RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттар лигасы: Германия мен Нидерланды шешуші матчта жолығады

16.11.2026, 17:23 15

Бүгін ұлттық құрамалар Ұлттар лигасындағы шешуші ойындарын өткізеді. Футболдың жілігін шағып майын ішкен мамандар тартысты ойындардың бірі Берлинде өтеді деп болжайды. Өйткені топтағы үш команданың плей-оф кезеңіне шығатын мүмкіндігі бар, деп хабарлайды 24KZ.

Германия мен Нидерланды құрамалары қыркүйек айында 1:1 есебімен тең тарасқан еді. Бүгін тең нәтиже немістерді қанағаттандырмайды. Өйткені гректерден қалып қойуы мүмкін. Сондықтан Юрген Клоп командасы жеңіске бастар жолды іздейді. Джамал Мусиала мен Серж Гнабри және Ангело Штиллер секілді футболшылар жарақаттарына байланысты Германияға қол ұшын бере алмайды. Голландиялық құраманы жаттықтыратын Хавиді де алаңдатып отырған мәселе көп. Тас қамал қорғаушы Ван Дейк пен ортада ойқастайтын Райан Грваенберх және Френки де Йонгтар алаңға шыға алмайды. Қос бапкер де барымен базар бұйырғанын көреміз деп отыр. Ендеше бәріне уақыт төреші.

Кристина Шумекова – әлем кубогының күміс жүлдегері

Қытайдың Бейжің қаласында конькимен жүгіруден әлем кубогының бірінші кезеңі аяқталды. Ел намысын бірнеше спортшы қорғады. Бұйырғаны – бір ғана күміс медаль. Кристина Шумекова мың метрде мәре сызығын екінші болып кескен болатын. Өзгелері жүлденің ауылына жақындай алған жоқ.

Турин төріндегі тартыс: Шелтон алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Италияның Турин қаласында теннистен ерлер арасындағы жылдың қорытынды турнирі басталды. Жарақатына байланысты әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер жарыстан бас тартып, оның орнына әлемдік рейтингіде 10-шы сатыда тұрған испаниялық Рафаэль Ходар шақыртылды. Ол шымылдық ашар кездесуде 4:6, 4:6 есебімен Александр Зверевке есе жіберді. Джон Макинрой тобындағы екінші ойын тартысқа толы болды. Америкалық Бен Шелтонмен француз Артюр Фис кездескен болатын. Биылғы маусым Шелтон үшін табысты болды. Төрт бірдей ірі жарыста жеңіске жеткен америкалық теннисші енді Туринде де топ жарсам деп отыр. Жақында ғана бапкер ауыстырып, Хуан Карлос Ферерроға сенім артқан америкалық теннисші алғашқы сетті өз пайдасына шешкенімен, екінші сетте француз таразы басын теңестіріп кетті. Ал шешуші сетте Шелтон шеберлік танытып, 6:2, 3:6, 6:3 есебімен басым түсті.

Кіші Роналду Португалия құрамасында бағын сынайды

Португалияның аңыз ойыншысы Криштиану Роналду жайлы әңгімелер әлі толастар емес. Даниядан ұтылған Жорже Жезуш командасы туралы ерінбегендердің бәрі жазды. Ал біздің айтпағымыз басқа. Роналдудың үлкен ұлы Жуниор жайында. Әкесінің жолын қуып, аяқдопқа ден қойған қара торы жігіт қазіргі таңда Әль Насрдың академиясында тәлім алады. Сол кіші Роналду Португалияның 17 жасқа дейінгі құрамасына шақырту алыпты. Бұған дейін U15 және U16 құрамасында доп тепкен бойшаң шабуылшы әкесі секілді жарқ ете қалмаса да, жаймен жоғарылап келеді. Әрине, болашағын болжау қиын. Дегенмен әкесі секілді ерінбей еңбек етсе, біразға баруы әбден мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz