Астанада бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 өңірден 346 спортшы қатысып жатыр. Жеті күнге созылатын жарыста боксшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Чемпионаттың басты мақсаты – келесі жылғы халықаралық жарыстарға қатысатын жастар құрамасының резервін қалыптастыру және үздік спортшыларды анықтау. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мерей Ақшалов 24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Биылғы Қазақстан чемпионаты келесі жылға ұлттық жастар құрамасын іріктеу мақсатында өтіп жатыр. Қазір 346 боксшы жиналды. Бұл – өте көп көрсеткіш. Жарыс жеті күнге созылады, соның алты күнінде спортшылар шаршы алаңға шығады. Кейбір салмақ дәрежесінде боксшылар алты жекпе-жекке дейін өткізеді», – деді Мерей Ақшалов.
Жастар құрамасына кімдер іріктеледі?
Чемпионат қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар жастар құрамасының қатарына қосылады. Спикердің сөзінше, ширек финалға шыққан боксшылар құрама тізіміне енгізіледі. Әр салмақ дәрежесі бойынша сегіз спортшыдан іріктеледі.
Сонымен қатар шамамен 30 боксшы Олимпиадалық даярлау орталығына қабылданып, алдағы жарыстарға жүйелі түрде дайындалуға мүмкіндік алады.
Осы чемпионат аяқталғаннан кейін ширек финалға шыққан боксшылар құрама команда тізіміне енеді. Әр салмақ дәрежесінде сегіз спортшыдан болады. Сонымен бірге 30 шақты боксшы Олимпиадалық даярлау орталығына қабылданады. Бірінші, екінші, үшінші нөмірлі спортшыларға ерекше көңіл бөлінеді, – деп түсіндірді федерация вице-президенті.
Осылайша, ел біріншілігі тек жеңімпаздарды анықтайтын жарыс емес, сонымен қатар алдағы маусымға арналған спортшылар резервін қалыптастыру алаңына айналып отыр.
Жаңа есімдер күтіледі
Мерей Ақшалов қазіргі жас боксшылардың әлеуетін жоғары бағалайды. Оның айтуынша, 17-18 жастағы спортшылар – ересектер құрамасының болашақ резерві. Себебі 19 жасқа толғаннан кейін олар ересектер санатына ауысады. Алдағы жылы өтетін Азия чемпионатына да осы буын арасынан жаңа спортшылар қосылуы мүмкін.
Жас боксшылардың әлеуеті жақсы. Олар – ұлттық құраманың резерві. 19 жасқа толғаннан кейін ересектер арасында өнер көрсетеді. Сондықтан қазірден бастап жақсы боксшыларды анықтап, халықаралық жарыстарға дайындауымыз керек. Келесі жылы Азия чемпионатында жаңа есімдер пайда болады деп ойлаймын, – деді Мерей Ақшалов.
Спикердің пікірінше, жастар арасындағы жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинауына және үлкен спортқа бейімделуіне мүмкіндік береді. Әсіресе 17 жастағы боксшыларға назар аудару маңызды. Өйткені олардың алдағы екі жылда жастар арасындағы жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдауға уақыты бар.
Ал чемпионаттың алғашқы күндерінде болашақ жеңімпаздарды нақты атау әлі ерте. Спортшылардың шынайы деңгейі ширек және жартылай финалдық жекпе-жектерде айқындала түспек.
Жас боксшыларға барлық жағдай жасалған
Федерация өкілі қазіргі буынның мүмкіндіктері бұрынғы кезеңмен салыстырғанда кеңейгенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекет пен федерация тарапынан спортшылардың дайындалуына қажетті жағдай жасалып келеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жоғары нәтижеге ұмтылу.
Тегтер #спорт #бокс #24жаңалықтар #24KZҚазіргі таңда жас боксшыларға мемлекет пен федерация тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан тек еңбек етіп, алдына мақсат қойып, дайындалу керек. Біздің жас спортшыларымыз еліміздің көк туын желбіретуі тиіс, – деді Мерей Ақшалов.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz