RU
Толық нұсқаға өту

Ауыр атлеттердің ел біріншілігі жалғасып жатыр

18.11.2026, 20:07 28

Астана қаласына келген зілтеміршілердің осалы жоқ. Сондықтан әрбір салмақ тартысқа толы. 60 келіде жұлқа көтеру жаттығуынан кейін күміс медаль кімге бұйырады деген сауал тұрды. Өйткені Өтепберген Әлиевті ешкім қуып жете алмасы түсінікті болды. Ал Алексей Дроздов пен Станислав Журавлев арасын 5 келі салмақ бөліп тұрған, деп хабарлайды 24KZ.

Серпе көтеруде сыр өңірінен келген Азамат Төлеген жарқ ете қалды. 136 келіні еңсерген Азамат екінші орын алған Алексей Дроздовтан небәрі 2 келіге қалып қойды. Ал бас жүлде Өтепберген Әлиевке бұйырды. 65 келіде Қызылордалық Мұхаммедәлі Қойшыбек мықты екен. Жұлқа көтеруде үздік үштікке кіре алмаған сыр өңірінің тумасы серпе көтеруде еркін көсілді. 150 келілік зілтемірді басынан асыра көтерген Мұхамедәлі қоссайыста 258 ұпай жинап, Қазақстан чемпионы атанды.

Қазақстан U19 құрамасы Косовоны жеңді

Футболдан 2027 жылғы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан U19 құрамасы Косовоны сырт алаңда 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голдың авторы – Шахмұрат Дәулетов. Енді жерлестеріміз үшінші іріктеу кезеңінде бақ сынайды. 

Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты: үшінші жарыс күнінің қорытындысы

Астанада бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталды. Бүгін 5 салмақ дәрежесі бойынша 1/8 финалға жолдама алғандар белгілі болды. 50 келіде Шымкенттік Бақдәулет Қаныбектің аяқ алысы жақсы. Ал 60 келіде Алматылық Едіге Нұрғожа мен Атыраулық Ибрахим Жұмабай бүгінгі жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. 65 келі салмақта да бәсекелестік жоғары. Астаналық Ернұр Өңіртаев пен Маңғыстау өкілі Парасат Сәтжанның жүлделі орыннан дәмесі бар. Екеуіде жарысты жалғастыруға мүмкіндік елді. Ел біріншілігі 22 қарашаға дейін созылады.

«Детройт» «Сан-Антонионың» 12 ойындық жеңісті сериясын тоқтатты

Қазақ баскетболының жағдайы белгілі. Әлемдік аренада жүлде алмаған соң, қызығушылық жоқтың қасы. Ал нағыз баскетбол жанкүйерлері мұхиттың арғы бетіндегі жарысты тамашалайды. Өйткені қызықтың бәрі сонда. Кез келген ойын тартысқа толы. Әлем жұлдыздарының барлығы дерлік ұлттық баскетбол қауымдастығында тер төгеді. Кеше Сан-Антонио Сперс пен Детройт Пистонс жолықты. Бұл кездесуде алаң иелері айқын фаворит еді. Батыс Конференциясында екінші орында келе жатқан Сан-Антонио қатарынан 12 кездесуде жеңіске жеткен. Бірақ бұл жолы қонақтардан айласын асыра алған жоқ. Бірінші кезең 33;26 есебімен Сан-Антонио пайдасына шешілген. Екінші кезеңнен бастап Детройт ойыншыларының қарқыны үдей түсті. Әсіресе Кейд Каннигем мен Денис Джэнкинстың лақтырғандары қиыс кетпей, Пистонс таразы басын теңестіріп қана қоймай, 3 айырмасымен алға шықты. Үшінші кезеңде Сперстің жағдайы тіпті қиындап кетті. Алаң иелерін алға сүйреп жүрген Дилан Харпер жарақат алып, ойынды жалғастыра алған жоқ. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Детройт Пистонс жеңіске бастар жолдан адасқан жоқ. Қорытынды есеп 93:105. Қонақтар пайдасында.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz