Қазақстандық екі полиция қызметкері Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатында (Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship) алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР ІІМ Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері Бағдат Дүйсенов пен Қасым Әнуарбек халықаралық додада қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Бағдат Дүйсенов ерлер арасында Master 4 санатында, 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (күлгін белбеу) өнер көрсетті. Жарыс барысында ол алдымен Чили спортшысын жеңіп, финалда Әзербайжан өкілі, былтырғы әлем чемпионы Әзер Мамедовпен белдесті. Шешуші сында қазақстандық тәртіп сақшысы қарсыласынан ұпай санымен басым түсіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Ал Қасым Әнуарбек Master 2 санатында, 69 келіге дейінгі салмақта (күлгін белбеу) бақ сынады. Ол шешуші белдесуде БАӘ өкілі Луис Пиментелді тізе бүктіріп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, биыл Әбу-Дабиде 18-рет ұйымдастырылған беделді додаға әлемнің 130-дан астам елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысуда. 9–21 қараша аралығында өтіп жатқан чемпионатта қазақстандық спортшылар үздік нәтиже көрсетіп, барлық жас санаттары бойынша ел қоржынына ондаған медаль салуда.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #спорт #джиу джитсуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz