Азаттық алған елдің басты міндеті әлемге өзін таныту екені белгілі.
Осы міндетті орындауда қазақ спортының алар орыны айрықша. Бұл жолда ерлермен бірге қазақ қыздары да қайсарлық танытты. Солардың бірі - күні кеше татамиде тарих жазған Фатима Сұпығалиева. Ол 17 жасында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі мен Олимпиада ойындарында топ жарған тұңғыш қазақ қызы атанды.
2026 жыл 22 тамыз. Бұл күн ел спорты тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Оралдық Фатима Сұпығалиева Эквадорда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет тарихи алтынға қол жеткізген еді. Ол ақтық сында украиналық Ксения Кирильчукпен белдесіп, қосымша уақытта иппон әдісімен жеңіске жетті.
Фатима Сұпығалиева, дзюдодан әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы:
- Қазақ қыздарынан әлем чемпионы шықпағандықтан барымды салдым. Әлем чемпионатының шешуші кезеңіне финалға шығар алдында қайтсең де алтын алып кету керексің, сен бұл жерге қазақ болып шығып келе жатқандықтан қазақтың көк туын қайтсең де көтеру керексің деген мақсатты шықтым. Өз-өзіме қатты сенімді болдым және қазақтан шыққан тұңғыш болу керексің деген мақсатпен шықтым.
Фатима араға 3 ай салып, Дакарда өткен Олимпиада ойындарында тарихи жетістігін қайталады. 52 келіде күрескен отандасымыз алғашқы 3 қарсыласын таза жеңді. Ширек финалда коста-рикалық спортшыдан басым түссе, жартылай финалда Словакия өкілін ұтты. Ал финалдық кездесуде португалиялық дзюдошыдан айласын асырып, өз салмағында топ жарды. Десе де, Олимпиадаға қарағанда әлем чемпионатының алтыны ерекше ыстық болды дейді.
Фатима Сұпығалиева, дзюдодан әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы:
- Екеуінің де орны бөлек. Бірақ әлем чемпионатын 3 жыл бойы аңсап келе жатқандықтан сол алтын ерекше сезім болды. Ал олимпиада ойындары бірнеше қиындықпен, есе жіберген сәттермен тәтті болды.
Мейірлан Баймаханбетов, дзюдодан кадеттер арасындағы ұлттық құраманың бас бапкері:
- Оның еңбекқорлығы, тәртібі, лидерлік качество дейді ғой соны көреміз. Жаттығу кезінде бар күш-жігерін салады. Өзін ешқашан аяп қалмайды.
Осы орайда шетелдік басылымдар Фатима Сұпығалиеваның жетістіктерін “Татами патшайымы” атанған жапон қызы Ута Абэге ұқсатады. Екеуі де 52 келіде күреседі әрі ерте жастан әлемдік ареналарда атой салып бастаған.
Мейірлан Баймаханбетов, дзюдодан кадеттер арасында ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қазір енді кадеттер құрамасын аяқтады. Енді шетелден келген қосымша мамандар бар, жеке өзінің жеке бапкері бар солармен ақылдасып, бірте-бірте ересектер құрамасына қосылады деп ойлаймын. Өйткені бұған дейін де Астанада өткен гранд-слэм турнирінде бір рет бақ сынаған болатын.
Фатиманың ендігі мақсаты түбейгейлі ерексектер құрамасына қабылданып, бұдан да ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау. Нақтырақ айтсақ, 2028 жылы Лос-Анджелсте өтетін жазғы олимпиада ойындарына қатысып, алтын алуды армандап отыр.
Авторлары Мерей Қанапия, Қалыбек Ақрап
Тегтер #татами #дзюдо #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz