Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында 8 жерде тазалық жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Экологиялық науқанға қатысушылар саябақтар мен аулаларды қоқыстан тазартып, коммуналдық сала қызметкерлеріне қолғабыс жасады. Жастар мен қариялар жағы өзара сабақтастық орнатып, сенбілікке бір кісідей жұмылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Республикалық акцияның кезекті апталығы Абай ауданы аумағында басталды. Белсенді топ «Агропром» гүлзарын қалпына келтіруге жұмылып, ағаш түптеріп әктеді. Артық бұтақтарды қырқып, шөп орды. Ұрпақ сабақтастығымен жарасым тапқан тазалық ісіне 100-ден аса адам белсене қатысты.
Смайл Сейтімов, ардагерлер кеңесінің мүшесі:
- Біздің кезімізде еңбек пен білім қатар жүретін. Қазір соның бір түрі, мінекей. Көбісі жастар жүр. Мына жер таза болып тұрса, адамның көңіл-күйі де көтеріңкі болып тұрады. Бәрі жақсы болады.
Ұйымдастырушылар жағы қажетті құрал-сайманмен қамтуды үйлестірді. Күрек, тырмадан бастап ауылшаруашылық техникаларының жұмысын жүйеледі. Осылайша, әп-сәтте еңбек өнімділігі артты.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
- Әр аумақта бізде арнайы бекітілген бригадалар бар. Сол бригадалардың құрамында сол аумақтағы гүлзар, аяқжолдар, лоток жүйелері болады. Сол аумаққа кіретін жердің бәрін тазалап келе жатырмыз.
Экологиялық науқан Әл-Фараби ауданы аумағындағы 3 бірдей көпқабатты тұрғын үй секторында жалғасты. Тазалыққа тұрғындардан бастап ақсақалдар алқасының өкілдері мен еріктілер жұмылды. 13 техниканың көмегімен 2,5 шақырым болатын ирригациялық жүйе тазартылды.
Әбдіпаттах Розақұлов, коммуналдық сала қызметкері:
- Қазір жұмысымыз жеңілдеп қалды. Волонтерлер, Шымкент қаласының адамдары бәрі көмектесіп жатыр. Тазалық мәдениеті сәл болса да жақсы жүріп жатыр. Адамдар ақырындап үйреніп жатыр.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы бүгін кешкі 17:00-ге дейін жалғасатын болады. Экобелсенділер түстен кейін «Астана» аллеясы мен Бадам өзені аумағында тазалық жүргізеді. Одан әрі «Қасірет мемориялы» мен Орталық саябақты көгалдандыруға үлес қоспақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz