RU
Толық нұсқаға өту

Оралда 12 МВт электр қуатын өндіретін жаңа бу турбинасы іске қосылды

02.05.2025, 18:15 518

Оралдағы жылу-электр орталығында №1 бу турбинасы іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.

1969 жылы салынған ескі агрегаттың орнына толықтай жаңғыртылған турбина жылына 1 миллион киловатт электр қуатын өндірмек. Қондырғыны жаңартуға 3 млрд 288 миллион теңге жұмсалыпты. Ал жалпы соңғы 2 жылда өңір энергетикасын дамытуға бюджеттен 15,6 млрд теңге бағытталыпты.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Соңғы 10 жылда Орал өңірінде электр энергиясын тұтыну мөлшері 30% артқан. Соған сәйкес жаңа қуат көздерінің құрылысы да қарқынды жүруде. Орал жылу электр орталығында бұған дейін 46 МВт электр энергиясы өндіріліп келсе, енді бұл көрсеткіш 58 МВт-ты құрамақ. Бұған толықтай жаңғыртылған №1 бу турбинасы мүмкіндік бермек.

Ерлан Қаналиев, «Жайықжылуқуат» АҚ техникалық директоры:

- Қаламызға қосымша 1 млн киловатт электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұның жалпы жұмысы бізде 5 бу қазандығы бар. Сол бу қазандығы мына бу турбинасына 430 градус температурамен, 35 килограмм қысыммен буды бу турбинасына айналдырып, сол арқылы электр энергиясын өндіреміз.

Жылу-энергетика саласын жаңғырту бойынша өңірде 32 жобадан тұратын 2035 жылға дейінгі жол картасы жасақталған. Жоспарға сәйкес Зашаған кентіндегі №1 және №2 қазандықтар, №6, 7 жылу магистралдары және жылу электр орталығындағы №3 турбоагрегат бірінші кезекте жаңартылмақ. Осыдан 20 жыл бұрын жапондықтар салған газотурбина да жөнделіп жатыр.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі», - деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда энергетика саласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, оның ішінде жылу-энергетика саласын жаңғыртуға соңғы 2 жылдың өзінде бюджеттен 15,6 млрд теңге бағытталды.

Облыста 20 мың шақырым электр желісі болса, соның 79% тозығы жеткен. Өңір басшысы келесі кезекте электр желілерін жаңғыртуға да баса көңіл бөлінетінін жеткізді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz