RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі басталды

02.05.2025, 22:48 1041

«Қызғалдақ мұра». Осындай атаумен Жамбыл облысында халықаралық фестиваль басталды, деп хабарлайды 24kz.

Ауқымды шараның алғашқы күнінде Германия, Украина, Қырғызстан және Нидерланд елдері ғалымдарының қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынға биоалуантүрлілік жөніндегі сарапшылар, ботаника, экология және жаратылыстану ғылымдарының мамандары мен ЮНЕСКО өкілдері қатысты.

Қазақстанда қызғалдақтың 41 түрі өссе, оның 18 түрі Жамбыл облысында кездеседі. Осылайша, өңір жауқазын түрінің әр алуандығы бойынша аймақтар арасында көш бастап тұр. Сонымен қоса, қызғалдақ сортының патшасы Грейг сортының тарихи отаны – Әулиеата жері саналады. Ботаник мамандар конференцияда қызғалдақтарды сақтау, әрі оны әлемге таныту жайына тоқталды.

Ари Велдхаузен, Нидерланд Корольдігі елшілігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі

- Қызғалдақтың тарихи отаны Нидерланд емес, Қазақстан. 4 ғасыр бұрын қазақ жерінен шетелге шығарылып, Түркия арқылы біздің елге келді. Голландияның символына айналған жауқазындардың отанын өз көзімізбен көріп, екі ел байланысын туристік бағытта дамытқымыз келеді.

Мәлік Нүкісбеков, натуралист-орнитолог:

- Жамбыл облысында 17 түрлі қызғалдақтың 7-8 эндемик. Эндемик дегеніміз, бір жерде ғана кездесетін қызғалдақтар. Әлемде емес, Қазақстанның өзінде басқа жерлерде өспейді ол. Әлемдік деңгейде сол қызғалдақты туризмге пайдаланып, оны тек қана көріп қана емес, бюджетке табыс әкелуге де болады.

Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Қатысушылар Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізуді қолдады. Сонымен қоса, Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыруды ұсынды.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Бұл жерде тау да бар, табиғат та бар орман да бар. Қасиетті жерлер де бар. Статистиканы қарап отырсақ, ол да саны өсуде. Инвестиция тартылып жатыр. Келешекте осы әкімшілікпен бірігіп, біз өзіміздің бір арнайы жобамызды жол картасын дайындап, әрі қарай дамыту бойынша іс-шаралар жасаймыз.

Фестивальдің екінші күні Талас ауданындағы этноауылда өтеді. Туристер тау басындағы қызғалдақты өз көзімен көріп, концерт, ғылыми-танымдық экскурсия мен ойын-сауық шараларына қатысады.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz