Бай болуға шектеу жоқ. Сән-салтанат құрып, шалқып өмір сүремін десең, заңды салығын төле. Дамыған елдерде бұл ереже бұрыннан бар. Кейінгі бір-екі жылда бізде де қызу талқыланып, тартысатын тақырыпқа айналған еді. Бүгін президент нүктесін қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.
Парламент 1 жамаубаев, пенсии, школы, пособия
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
- Түбегейлі жаңа салық кодексін даярлау туралы тапсырма берді. Біз енді кірісеміз. Негізгі консепция бар. Бірақ 90 проценті қазіргі кездегі қолданып жүрген заңнама қалады деп ойлаймын. Көп жағдайда жеңілдіктер бар ішінде, табыс салығына қатысты мәселелер бар, мүліктік салыққа қатысты мәселелер бар. Соның барлығын қайта қарастырып, енгіземіз.
ШЕТЕЛДІК КӨЛІКТІ ТІРКЕУГЕ ЖЕҢІЛДІК
Көптің көкейіндегі тағы бір сауал шет елдік нөмірмен жүрген көлікке қатысты еді. Олардың саны аз емес. Мыңдап саналады. Заңды иесін табу қиын. Кейбірі ешбір елде тіркеуде жоқ. Бұл әрине қоғам үшін қауіпті. Ұрлық, қылмысқа қолдану оңай. Енді мұндай көліктерді әкелуді тоқтату үшін батыл шешімдер қабылдап, бүгінге дейін кіргенін тіркеуге жеңілдік берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара.
Ал мына бастаманың жөні тіпті бөлек. Ұлттық қордан әр балаға қаржы беріледі. Алғышарттары бүгін айтылды. Егжей тегжейін есептеуге бір жыл төрт ай бар. Жоба 2024 жылдың 1 тамызында іске қосылуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді.
Салық жүйесінің ашық әрі анық болуы экономикалық өсімге тікелей әсер етеді. Жұрт одан жалтаруға қызықпауы керек. Мемлекеттік алым әділ әрі ыңғайлы болуы шарт. Ол үшін салық мөлшерлемесі әрбір саланың әлеуетіне қарай диференциалды түрде белгіленгені жөн. Ал жемқорлықты болдырмау үшін саланы толық цифрландыру қажет деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек.
Салықпен қатар бюджет саясатына да ауқымды өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде мемлекеттік органдар үшін ең өзектісі игерілмеген қаржыны келесі жылға қалдыру. Яғни жыл соңына дейін үлгермеген істі сол қаржымен аяқтауға мүмкіндік беріледі. Бұған қоса бюджетті жарату ісінде бұқараның ықпалы артады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халық қатысатын бюджет жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет.
Бюджет дегенде мемлекеттік сатып алу туралы айтпаса болмас. Өйткені бармақ басты көз қысты әрекеттің көбі осы салада. Келісімдер астыртын жасалып, конкурс жұмбақ жағдайда өтетіні адал кәсіпкерді қажытты. Енді мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар біріңғай жүйеде жүргізіледі. Мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс.
Ел экономикасын көтеретін бірден-бір сала бизнес. Бізде осы бизнесті қаржыландыру жағы кенжелеп тұр. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аз. Қаржыландыруға 42 миллиард доллар жетіспейді екен. Ал несие беретін банкте триллиондар ешкімге тиімсіз жатыр.
Ержан Құдайберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауылға барсаңыз шашылып жатқан дүние көп тері, жүн сияқты. Үкіметте осының бәрін білетін көзқарас жоқ. Сондықтан да екінші деңгейдегі банктер мемлекеттің қаржысын ала тұра өзінің ғана мүддесін ойлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар.
Мемлекет экономикалық бағытын өзгертпейді. Негізгі мақсат халықтың тұрмысын тікету. Қазір керегі заң үстемдігін орнатып, шағын және орта бизнесті өркендету, табысты әртараптандырып, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау. Ең бастысы ұлттық табысты әділ бөлу болмақ.
Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Марат Диханбаев
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz