KZ
Перейти на полную версию

Ғалымдар киік етінен дайындалған алғашқы шұжық өнімдерін таныстырды

19.06.2025, 08:52 3

Батыс Қазақстан облысында тағам өндірісі саласының ғалымдары киік етінен дайындалған алғашқы шұжық өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды 24kz.

Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет зертханасында құс еті қосылған арнайы рецепт әзірленген. Мамандар қазір ғылыми мақалалар дайындап, өнімге патент алуға талпынып жатыр.

Шұжық дайындау барысында үйрек пен қаз және киік еті қолданылады. Оған түрлі дәмдеуіш қосылады. «Кейбір ингредиент құпия», - дейді мамандар.

Айдана Бекбосынова, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушысы:

- Негізінен қарапайым дәмдеуіштер қолданылады: сарымсақ, қара бұрыш, паприка, карри, кориандр және т.б. Әрине, бір құпия ингредиент бар. Оны айта алмаймын.

Жоба жетекшісі Аян Оразовтың айтуынша, бір киіктен шамамен 20 шұжық әзірлеуге болады. Өнімнің алғашқы үлгілерін шығару үшін еттің бактериологиялық қауіпсіздігіне қатысты зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде киік еті тағамдық мақсатта қолдануға толық жарамды деп танылды.

Аян Оразов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Тағам қауіпсіздігі зертханасының меңгерушісі:

- Киік еті – тағамдық құндылығы жоғары өнім. 100 грамында шамамен 20 грамм ақуыз, 13 грамм май болады. Бұл оның майлылығы төмен, диеталық ет екенін дәлелдейді. Сондықтан киік етінен жасалатын тағамдар диеталық бағытта үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін.

Шұжық еті «Ақбөкен» питомнигінен алынған. Мұнда бірнеше жылдан бері киікті қолға үйрету тәжірибесі жүргізіледі.

Ербол Маратұлы, Ветеринария ғылымдарының кандидаты:

- 2 жылдан бері біз төл алып келе жатырмыз. Бетпақдала популяциясы мен Орал популяциясын шағылысқанда. Былтыр төлдеріміз ірі болған еді. 8 келіге дейін максималды салмағы. Биылғы төлдеріміздің максималды салмағы 5,5 келі. Былтырғы нәтижеге жетіңкіремей тұр. Біздің көңіліміз риза.

Облыс ғалымдары: «Киік санын реттеу қажет», - дейді. Шамамен 700 мың басты аулау керектігін айтты. Бұл – жалпы популяцияның шамамен 20%-і. Жергілікті ет комбинаттары аталған көлемді өңдеуге дайын.

Әлжан Шамшидин, Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің проректоры:

- АШМ Ветеринария комитеті берген мәлімет бойынша бүкіл Қазақстан бойынша 25 ет комбинатымен келісімшарт бар. Біздің облыстағы 4 ет комбинаты келісім берді деген мәлімет келіп отыр. Егер төртеуі киіктерді аулайтын уақытта басқа жануарларды өңдемей, істейтін болса, үлгеріп қалуымыз мүмкін. Бірақ соның өзінде әр ауданға, киіктер жүрген Бөкейорда, Қазталов, Жәнібек, Жаңақала аудандарына тағы да 4 ет комбинаты артық болмайды.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары өңірде киік көбейіп, төрт түлік үшін жайылым мен су тапшылығы туындаған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Теги

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz