418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана экономикалық форумына Пан Ги Мун және Франсуа Олланд қатысады

  • 1063
  • UPD: 12:09, 01.05.2018

Астана экономикалық форумы кейінгі он жылда жаһандық мәселелерді талқылау мен оны шешуге арналған сұхбат алаңына айналды.

Бұл ауқымды шара Еуразия кеңістігіндегі әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің сондай-ақ түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосады. Биыл форум 17-19 мамыр аралығында өтеді. Оған әлемнің 30-ға жуық елінен 500-ге жуық сарапшы қатысады.

Қазақстан жаһандық даму үрдісінен шет қалмайды. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Астана экономикалық форумында биыл да әлемдік маңызға ие тақырыптар қозғалады. Global Challenges Summit 2018 бағдарламасы  әлемдегі 11 маңызды сын-қатерді қамтиды. Олар бірыңғай экономика, ғаламдық стратегия, ресурстар және таза энергия, ұзақ ғұмыр, жаңа адамзаттың әлемі, цифрландыру, болашақтың ақшасы, ғаламдық қауіпсіздік және урбанизация. Саммит спикерлері қатарында Францияның бұрынғы президенті Олланд Франсуа, физик, футуролог Митио Каку, Халықаралық Олимпиада комитеті Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Golman Sachs (Голдман Сакстың) бұрынғы төрағасы Джим О'Нил және басқа да танымал тұлғалар бар.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінде әлемнің жылдам өзгеріп отырғанын жақсы білесіздер. Осыған орай еліміз де жаңғыру үрдісінен өтіп келеді. Осы форумда әлемдегі басты деген сын-қатерлер талқыланады. Елімізде цифрландыру мен экономикалық жаңғыру  жүріп жатыр. Қазір жалпы әлемде экономикалық революция қарқын алған. Осы үрдіс жаһанды екіге бөледі. Дамыған және экономикасы артта қалған елдер деп. Сондықтан біз даму жолына бағыттайтын барлық мүмкіндікті қарастырамыз.

Астана экономикалық форумына 10 жыл аралығында 150 елден 50 мыңнан астам делегат қатысты. Жалпы көлемі миллиардтаған доллар қаржыны құрайтын жүздеген меморандум мен келісімге қол қойылып, Еуразиялық іскерлік конгресі және Нобель сыйлығы лауреаттарының Астаналық клубы құрылды. Форумның зияткерлік және ғылым базасы G-Global ақпараттық-коммуникативтік тұғырнамасы. Соның аясында әлемдік экономиканың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар әзірленеді. 

Бауыржан Мұқан, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Жаңа формат дегенде жаһандық, әлемдік деңгейдегі білімнің барлық тұжырымдамаларын осы Астана эконономикалық форумы аясында талқылау. Мұның мазмұны талқылану деңгейі, сараптамалардың үлкен деңгейде өтетіні білімді қазақстандық деңгейімен ерекшеленеді. 

Форум экономикалық бастамалар мен тәжірибелерді біріктіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қолданылатын интерактивті құралдар пікірталастың еркін өрбуіне септігін тигізбек.

Хабар 24 телеарнасы