428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ жайлы арнайы сайтқа 6 мың қолданушы тіркелген

  • 1936
  • UPD: 12:05, 01.05.2018

17 мамырда басталатын Астана экономикалық форумы биыл жаңа деңгейде өтеді.

Яғни Global Challenges Summit тақырыбында ұйымдастырылады. Жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңға жуық саясаткер мен бизнесмендер, сарапшылар және белді экономистер қатысады. Оның 500-ден астамы баяндама жасайды деп күтілуде. Қазір шараға қызу дайындық жүріп жатыр. Тіпті Астана экономикалық форумының сайты жаңғыртылып, күнделікті қолданушылардың саны артып келеді.

Елордада 3 күн қатарынан өтетін Астана экономикалық форумы жайында ақпаратты арнайы сайттан білуге болады. Жаңартылған платформа 10 сәуірде іске қосылды. Осы уақыт аралығында 6 мың қолданушы тіркеліп, күнделікті кіріп қараушылардың саны 26 мыңға жетіп отыр. Сайтта форумда қаузалатын 11 түрлі тақырып пен оның қысқаша түсініктемесі, басқосудың бағдарламасы көрсетілген. Алдағы күндері парақшада мықты экономистер және сарапшылардың сұхбаттары жарияланады. Кері байланыс жүйесі іске қосылған.

Самал Ыбыраева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Біз қазір күнделікті таңертең жұмысқа келіп қараймыз, сайттың трафигі өте жоғары. Біз тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да бақылап отырмыз. Өйткені бізге Франциядан, Ресейден, Қытайдан қатысамын деген адамдар тек әлеуметтік желі емес, сайтқа жазып, өздерінің мәліметтерін беріп, тіркеуден өту туралы хаттар түсіп жатыр. Осыған қарай отырып, шынымен де кері байланыс орнатылғанын аңғаруға болады, біз әр тілде жауап беруге тырысып жатырмыз.

Астана экономикалық форумында сөз сөйлейтін спикерлердің қатарында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун, Goldman Sachs-тің  бұрынғы төрағасы Джим О'Нил, америкалық өнертапқыш Стив Возняк сынды белді тұлғалар бар. Биылғы басқосудың ауқымдылығын онда көтерілетін ғаламдық деңгейдегі тақырыптар мен баяндама жасайтын азаматтардың тізіміне қарап топшылай беріңіз. Сарапшылар екі күн қатарынан маңызды түйткілдерді қаузайды. Ал үшінші күні өз ұсыныстарын білдіреді. Олардың айтқан әрбір шешімі кейіннен форумның сайтында жарияланады.  

Самал Ыбыраева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Саммиттің ерекшелігі, бұл тек қана талқылау деңгейінде қалмайды. Әр спикер өзінің ұсыныстарын береді, шешу жолдарын береді. Осының барлығын біз контентті толықтырып, қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдеріне аударып, толықтырып отырамыз. Мен бұл сайттың жұмысы келесі жылға дейін үздіксіз болады деп ойлаймын.

2008 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Астана экономикалық форумына бүгінге дейін жалпы саны 150 мемлекеттен 50 мың делегат қатысқан. Жиынға келе алмайтындар үшін биыл форумның ресми парақшасында және әлеуметтік желілерде барлық отырыстар тікелей трансляцияланады.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы