426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана экономикалық форумына 11 жаһандық сын-тегеурін тақырыбы арқау болады

  • 2067
  • UPD: 10:46, 07.05.2018

Екі аптадан кейін әлемдегі ең беделді эксперттік сұхбат алаңдарының біріне айналған Астана экономикалық форумы жұмысын бастайды.

Форумға 11 жаһандық сын-тегеурін тақырыбы арқау болмақ. Жылдағы дәстүр бойынша елордаға ондаған елден мыңдаған сарапшы жиналып, жаһандық мәселелерді ортаға салады. Себебін анықтайды, шешу жолдарын ұсынады. Осы тұрғыда тілшілеріміз бұған дейінгі өткен форумдарға да шолу жасап көрген еді.

2007 жылы Давос экономикалық форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпы жаһандық экономиканы орталықтандыратын арнайы база құру қажеттігін айтқан болатын. Сол жылдары әлемдегі валюталық қаржы құрылымы әлсіреп, дүниежүзілік экономика дағдарысқа ұшырады. Астана экономикалық форумы осындай сын-қатерлерді болдырмаудың бір жолы іспетті.

Сайлау Байзақов, Астана экономикалық форумының бірінші модераторы:

- 2008 жылы өткен алғашқы форумның бағдарламасы қазір менің қолымда. Және мұнда негізгі тақырыптар көрсетілген. Атап айтсақ, басты міндет ретінде іс жүзіндегі экономикадан басқару экономикасына көшу туралы көрсетіліп, оны қаржы секторымен үйлестіру қарастырылған.

Сайлау Байзақов – 2008 жылғы Астана экономикалық форумының алғашқы модераторы. Ауқымды шараға ізашар болған бастапқы жиынға әлемнің әр түкпірінен қаржы және экономика саласындағы белгілі сарапшылар келді. Олар біржақты жаһандық валюталық жүйеден шығу жолдарын қарастырған болатын. Бүгінде форум тұрақты алаңға айналып отыр.

Айжан Мұқышбаева, ҚР Тұңғыш Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Бұл бизнесмендердің, ірі банктердің, инвесторлардың түйісу орталығына айналды. Және осы уақытқа дейін әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат қатысқан. Делегаттар өз ой-пікірлерін білдіріп, жалпы Қазақстанның дамуына баға берді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріп және оны ары қарай қалай жетілдіруге болады, сол жөнінде өздерінің ой-пікірлерімен бөліскен болатын.

Үздік сарапшылар, сақа саясаткерлер, өркениет дамуында қолтаңбасы бар ғалымдар. Олар дүниежүзіндегі мәселелерді талқылап қана қоймай, оларды шешу жолдарын іздейді. Экология, демография, экономика, қауіпсіздік және т.б. салалар. 2012 жылы Астана экономикалық форумында айтылған ойлар БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық сессиясында ұсынылып, ұйымның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунның жоғары бағасын алды. Артынша Астана декларациясы БҰҰ-ға мүше елдер үшін әлемдік дағдарыстан шығу жоспарының негізгі бағыттарының бірі ретінде таңдалды.

Айжан Мұқышбаева, ҚР Тұңғыш Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Нәтижесінде әртүрлі ұсыныстар әзірленіп, ол ұсыныстар ары қарай БҰҰ-ның кеңістігінде қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанға берері бұл жерде инвесторлар келіп, әлемдік деңгейдегі банктер келіп, біздің ұлттық компаниялармен, Қазақстанның бизнес өкілдерімен меморандумдарға қол қойылған болатын. Яғни біз инвесторлар тартуға мүмкіндік алдық.

Форум тарихында жалпы құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын 300 меморандум мен келісімге қол қойылды. Биылғы конференция «Жаңа Еуразия: Шанхайдан Лондонға дейін сауданы және инвестицияны арттыру» тақырыбына арналмақ. Ал форумның өзі осы жолы жаһандық сын-тегеурін саммиті форматында өтеді. Осылайша «Глобал Челлендж Саммитінде» экономикалық өсім, ресурстық тұрақтылық, цифрландыру, адам өмірін ұзарту, қаржы революциясы және бүкіләлемдік қауіпсіздік мәселелері талқыланады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Гүлнәр Хасан

Хабар 24 телеарнасы