426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ форумында биыл қандай өзекті мәселелер талқыланбақ?

  • 607
АЭФ форумында биыл қандай өзекті мәселелер талқыланбақ?

Астана экономикалық форумында талқыланатын 11 жаһандық мәселенің бірқатары әлеуметтік, ғылыми сипатта.

Елордада бас қосатын саясаткерлер, ғалымдар мен түрлі сала мамандары білім беру, медицина және ресурстар жайын қозғайды. «Жаңа адам әлемі» сессиясына қатысушылар жасанды интеллектке байланысты XXI ғасырдағы оқыту үдерісін әңгімелейді. Сондай-ақ форумда инженерлік революция және қала құрылысы жобаларындағы технологиялар туралы да айтылады.

Болашақта үздіксіз білім беру жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр? Барлығы цифрландырылған кезде оқу үдерісі қалай жүзеге асырылады? Бұл – көпшіліктің көкейіндегі сауал. Ал қазіргі балалар технологияға тез бейімделгіш. Олар үшін электрондық кітапты қолдану да оп-оңай. Өзіне қажет материалдарды тез тауып алады. Мамандардың айтуынша, қазіргі білім беру жүйесі үздіксіз дамуда әрі барлығы да қолжетімді.

Алмат Есжанов, ҚР БҒМ ақпараттық технологиялар департаментінің директоры:

– Бізде инновациялық білім беру контенті барлық мектепте енгізілген. Ол мұғалімнің орнын толығымен алмастырады деуден аулақпыз. Бұл тек қосымша қызмет атқарады. Яғни оқытушы қосымша контент жүктеп, интерактивті сабақ жүргізе алады. Мәселен, осындай 40 мыңнан астам видеосабақ бар. Оған электрондық зертханалар да енгізілген.

Адамзаттың жаңа әлемі және жасанды интеллект. Яғни инновацияның білім кеңістігіне әсері. Дәл осы мәселелер XI Астана экономикалық форумында кеңінен талқыланады. Алқалы басқосуда экономикадан басқа мәселелер де әңгіме өзегіне айналмақ. Олардың қатарында ұзақ өмір сүру, жаһандық қауіпсіздік сияқты тақырыптар бар. Технологиялық революцияның кері әсері де баршылық. Адамат жаһандық сын-қатерлердің алдын алуды ойластыру қажет. Осыған орай жиында корпорациялар мен мекемелерде азаматтар туралы деректерді қорғау жолдары айтылады.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Біздің өміріміз тек экономикадан, қаржыдан, технологиядан ғана тұрмайды. Сондықтан форумда экономикалық емес сауалдар да көтеріледі. Бұл жайында форумға қатысушылар өз ой-пікірлерін айтып, көзқарастарын білдіретін болады. Яғни түрлі саланың білікті мамандары саясат, адам капиталы, технология, ресурстар әлемі жайында кең ауқымда әңгіме қозғайды.

Астана экономикалық форумын ұйымдастырушылар күн тәртібіндегі жаһандық сын тегеуріндерді қамтитын барлық тақырып та өзекті, сондықтан қызу талқыланады деп отыр. Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл шараның биыл ауқымы да, маңызы да жоғары болмақ. Форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, түрлі қаржы институттары мен бизнес қауымдастық өкілдерінің басын бір үстел басына жинайды.

Хабар 24 телеарнасы