386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ: әлемдік индустрия көшбасшылары тәжірибелерімен бөліседі

  • 253
  • UPD: 22:10, 07.05.2018

Астана экономикалық форумына әлемге әйгілі тұлғалармен қатар белгілі ғалымдар мен өнертапқыштар да қатысады.

Олардың арасында «APPLE Computer» компаниясын құрушылардың бірі, инженер әрі бағдарлама жасаушы Стив Возняк та бар.

Алмас Елжанның мүмкіндігі шектеулі. Бозбала шағында денсаулығы нашарлап, өсе келе төсек тартып жатып қалған. Уақыт өте достары мен таныстарының қатары сиреген. Сүйек-сүйегі сырқырап, жаны қиналған ол: «өмірден күдер үзгенімде, ғаламтордың арқасында қайта дүниеге келгендей болдым», – дейді. Қолына ноутбук алып, күні-түні жұмыс істеп, жаңа достар тапқан екен. Қазір оның «Еламан» атты қоры бар. Жақында елордада «Инклюзивті дизайн» орталығын ашып, бірнеше мүгедек жанды жұмыспен қамтып отыр.

Алмас Елжан, «Инклюзивті дизайн» орталығының жетекшісі:

- Егер мүгедек жан жұмыс істеймін десе, жұмысты жатып та істей алады. Мен өзім де жатып жұмыс істедім. Ноутбук бар, интернет бар. Баяғыда ондай мүмкіндіктер болмайтын.

Елімізде Алмас сияқты тағдырдың тәлкегіне төзген, жігері мықты азаматтар көп. Оларды қайта тірілткен – ғаламдық технология. Бүгінгі таңда жаһандық жаңашылдықтар күннен-күнге дамып, өзгеріске ұшырап жатыр. Әсіресе ақпараттық технология саласы. Біздің ел де сол мүмкіндіктерді барынша пайдалануда. Ал мамырдың 17-сі мен 19-ы аралығында Астанада өтетін экономикалық форум салаға соны серпін бермек. Себебі бұл шараға әлемге әйгілі Стив Возняк секілді спикерлер келіп, жетістіктерінің сырымен бөліспек.   

Болат Столяров, Астана экономикалық форумының бас продюсері:

- Стив Возняк – әлемде өзіндік орны бар айрықша тұлға. «Apple» компаниясын құрғандардың бірі. Ғаламдық гуманитарлық міндетін абыроймен атқарып жүргенін көріп отырмыз. Сондай-ақ тың иедясы көп азамат. Бізге берері мол деп ойлаймын.  

Стив Возняк – америкалық өнертапқыш, инженер, бағдарлама әзірлеуші. «Apple Computer» компаниясын құрғандардың бірі. Ол әйгілі серіктесі Стив Джобс екеуі өткен ғасырдың соңында «микрокомпьютерлі революция» жасады. Әлемдік компьютерлік технология саласы содан бастап ілгері дамыды десек артық болмас. Бүгінде дүние жүзі университеттерінің 10 шақтысы Стив Вознякті техника ғылымдарының докторы құрметті дәрежесімен марапаттаған. Ол Астана экономикалық форумына басты спикерлердің бірі ретінде шақырылып отыр.  

Санат Көшкімбаев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

- Біздің пікірімізше, Қазақстанға Астана экономикалық форумы оң ықпалын тигізеді. Әлемдік сарапшылардың тың идеялары еліміз үшін, жаһан үшін өте маңызды. Жиынның үшінші күні өтетін соңғы пікір-таластар шараны қорытындылап, түйінін шығарады деп ойлаймыз.  

Астана экономикалық форумы еліміздің саясаткерлері мен сарапшыларына алдағы жылдарға даму стратегиясын құруға септігін тигізеді деген  болжам бар. Олай дейтініміз жаһандық экономиканың басты бағыты – цифрландыру жыл емес, күн санап дамып барады, біздің ел соған ілесуі керек. Себебі болашақты өзгертетін – технология.

Авторлары: Әсел Басшыбек, Ержан Рахменбердиев

Хабар 24 телеарнасы