433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АЭФ-те виртуалды валютаның тиімді тұстары мен кемшіліктері қаралады

  • 780
  • UPD: 20:37, 10.05.2018

Әлемдік экономика жаппай сандық техноло­гияға көшіп жатыр. Қазір кез келген банктің мобильді қосымшасы қызмет көрсетеді.

Электронды төлем жасау қалыпты үрдіске айналды. Тіпті соңғы жылдары криптовалюта, биткоин сөздерін жиі еститін болдық. Заман ағымына сай сұранысқа ие болған виртуалды ақша мәселесі ХІ Астана экономикалық форумында да талқыға түспек.

Бүгінде сандық технологияны пайдалану жоғары сұранысқа ие. Қазір көпшілік электронды әмиян арқылы ғаламтор дүкендерінде сауда жасап, несие өтеп, онлайн төлемдер жүргізеді. Ал енді ғаламтордың өз қаржысы - криптовалюта пайда болды. Мұндағы басты артықшылық – қауіпсіздік. Бұл бағытта блокчейн технологиясы жұмыс істейді. Блокчейн – ақпаратты сандық сақтау жүйесі. 

Шахарбану Жақыпова, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Барлық дискуссия алаңдарында халықаралық экономикадағы өзгерістер талқыға түседі. Қаржы секторына блокчейн технологиясын енгізу, сондай-ақ елімізде осы жаңашылдықты қолдану жайы баяндалады. Жалпы заманауи бағытты дамыту арқылы қалайша пайда табуға болатындығы басты назарға алынады.

Виртуалды ақша негізін Сатошо Накомото есімді азамат қалаған. Ол 2009 жылы алғашқы криптовалютаға биткоин атауын берген. Биткоин мемлекет, банк немесе басқа да делдалдарға бағынбайды. Оны әлемнің кез-келген нүктесінде ғаламтор арқылы қолдануға болады. Енді бас шаһарымызда өтетін ХІ Астана экономикалық форумында криптовалюта болашағы жан-жақты талқыланады.

Еркебұлан Аманғосов, Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулерді ұйымдастыру және үйлестіру департаментінің бас сарапшы-аналитигі:

- Қазіргі уақытта жауаптан гөрі дұрыс сұрақ қою маңызды болып тұр. Сондықтан ол сұрақтарды осы форум аясында қойып түрлі әлемдегі топ жарған саясаттағы, экономикадағы тіпті көріпкел деп атанған тұлғалармен пікір алмастырып, осы Қазақстандағы әрбір бағыттағы алға қойған жауаптарын есте білетіндей қылып, осының барлығын өзімізге жинақтап, стратегиялық мақсаттарды іске асыруда алатын орны өте жоғары.

Былтыр елімізде блокчейн технологиясының көмегімен халықкоин криптовалютасы пайда болды. Заманауи бастаманы жүзеге асырушылар қатарында білікті IT мамандары, криптоқаржыгерлер және маркетологтар жұмыс істейді. Олар алдағы уақытта да отандық виртуалды ақша түрін неғұрлым қарапайым әрі ашық ету үшін жан-жақты зерттеулер жүргізуге ниетті.

Авторы: Айнұр Ақылбайқызы

Хабар 24 телеарнасы