389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ: болашақта адамдардың бір-біріне төзе білуі жұмысқа алу кезінде бағаланады

  • 381
  • UPD: 20:10, 16.05.2018

Алдағы 5-10 жылда адамның тікелей араласуын қажет ететін мамандықтар айтарлықтай азаяды.

Сарапшылардың айтуынша, қазір ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатыр. Сондықтан  көп ұзамай адамның қолымен  атқарылатын қызмет түрлері техникаға жүктелуі мүмкін. Осы және жаңа адам әлемімен байланысты өзге де мәселелер Астана экономикалық форумында талқыланады. Болашақтың мамандықтары жайлы Нұршапағат Несіпбаев баяндайды.

Судья, спорт төрешісі, сақтандыру бойынша бағалаушы және әкімшілік қызмет жөніндегі көмекші. Көп ұзамай бұл мамандардың қызметін толықтай техника атқарады. Сондай-ақ құқық саласындағы хатшыларды, сауда менеджерлерін, тіпті тауар жеткізушіні де арнайы роботтар алмастырады. Әлем ғалымдары алдағы 5-10 жылда қазіргі мамандықтардың 50 пайызы түбегейлі өзгереді деген пікірде.

Олардың арасында журналистика да бар.  

Баян Абдрахманова, ЭЗИ Стратегиялық әзірлемелер орталығы директорының орынбасары:

- Өкінішке орай, журналистика да. Яғни бұл мамандық иелеріне сұраныс төмендейді. Жалпы қызмет көрсетумен байланысты мамандықтардың басым көпшілігі автоматтандырылады. Бұл үрдіс АҚШ-та  алдағы 3-7 жылда жүзеге асады. Ал бізге бірнеше он жылдықтан кейін келеді. 

Білім беру саласын да ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Экономикалық зерттеулер институты мамандарының айтуынша, біздің жоғары оқу орындарындағы оқыту жүйесін жетілдіру қажет. Себебі, жаңа әлемнің адамдары алдымен бірден бірнеше сала бойынша жұмыс істеуге бейімделуі керек. Сонда ғана оны техника алмастыра алмайды.

Баян Абдрахманова, ЭЗИ Стратегиялық әзірлемелер орталығы директорының орынбасары:

- Адамдармен тіл табыса білу, шыдамдылық және жылдамдық сияқты қасиеттер жоғары бағаланады. Кез келген жағдайға икемделіп, бір уақытта бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі де ескеріледі. 

Он жылдан кейін адам бойындағы бұл қасиеттер білімнен жоғары бағаланады. Бұл экономикалық форумда талқыланатын негізгі бағыттардың бірі. Әр саланың тізгінін ұстап жүрген шетелдік мамандар өз ойларын ортаға салады. Аталған тақырып бойынша өтетін отырыстардың біріне Назарбаев университетінің президенті жетекшілік етеді.

 Шигео Катсу, Назарбаев Университетінің президенті:

- Мен 2008 жылы өткен тұңғыш Астана экономикалық форумына қатыстым. Жыл сайын бұл жиынның мәртебесі биіктеп, ауқымы кеңейіп келеді. Астанаға белгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары жиналады. Бұл халықаралық аренадағы Қазақстанның беделін одан әрі көтере түседі. Биылғы форум да өткір мәселелердің шешімі табылатын пайдалы жиын болады деп есептеймін.  

«Жаңа адамның әлемі» аталатын сессияда гендерлік теңдік, азаматтық қоғам және өнердің дамуы сөз болады. Аталған тақырып бойынша баяндама жасайтын меймандардың есімдері белгілі. Тыңдаушылар да әзір. Ал форум жұмысы 17 мамырда басталады.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы