378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Джим О'Нил: Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары

  • 593
  • UPD: 20:47, 19.05.2018

Биыл Астана экономикалық форумына қатысқан сарапшылардың саны рекордтық деңгейге жетті.

Алқалы жиынға жер жаһанның әр түкпірінен әлемге әйгілі спикерлер келді. Олар форум аясында сын-қатерлер мен экономикалық дамудың жаһандық үрдістерін талқылады. Танымал тұлғалардың қатарында саясаткерлер, технология секторының  көшбасшылары, денсаулық сақтау және ресурстарды пайдалану салаларының беделді өкілдері болды.

Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіретін күні алыс емес. Экономикасын дамыту үшін адами капиталға назар аударуы тиіс. Бұл ретте тұрақты даму институтына жағдай жасағаны жөн. Кәсіпкерлік  ықпалының да ерекше екенін ұмытуға болмайды. Қазақстан осы қарқынмен ілгерілей берсе, мақсатына жетері сөзсіз. Себебі, жаһандану үрдісінен қалыс қалмауды көздейді. Бұл – The Boston Consulting Group компаниясының төрағасы Ханс-Пол Бюркнердің пікірі.  Сарапшы әлемдік экономикадағы өзгерістер жайында да өз ойын айтты.

Ханс-Пол Бюркнер, The Boston Consulting Group директоры: 

- Өткен жылы бүкіл әлемдегі экономикалық өсім нәтижелері мені таңғалдырды. Себебі жаһандық экономикалық саясатта өзгерістер болып жатыр. Бұған дейін болған экономикалық дағдарысқа дейінгі өзгерістерден де өзгеше. Өйткені әлемде жаңартылған энергияның  үлесі өсті. Қазіргі заман теңдессіз жылдамдықпен өзгеріп, тың жаңалықтар мен ғылыми техникалық шешімдер дәуірі келіп жатыр.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Goldman Sachs бұрынғы бас экономисі, БРИК акронимінің авторы, британдық қаржыгер Джим О'Нил осылай деп пікір білдірді. Әлемге әйгілі сарапшы еліміз географиялық  тұрғыда тиімді орналасқандығына баса назар аударды. Сонымен қатар Джим О’Нил Жібек жолының Қазақстан үшін инвестиция тарту бағытындағы қуатты құралға айналғанын атап өтті.

Джим О’Нил, Goldman Sachs бұрынғы бас экономисі, қаржыгер:

- Сіздер – Қытай мен Еуропаны байланыстырып тұрған дәнекерсіздер. Менің ойымша, елдеріңіздің көлік ландшафты әлем бойынша ең ауқымды. Қазақстанның орналасуы да тиімді, ол Қытайға жақын, әрі Азия елдерімен көршілес. Сондықтан да бұл мүмкіндікті барынша пайдалануға тиіссіздер деп ойлаймын. «Бір белдеу, бір жол» жобасы транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Ал, сәулетші және жобалаушы, AECOM Strategic Design and Planning group директоры Карло Кастелли Астананың даму мүмкіндігі зор екендігін айтады. «Шағын шаһар 20 жыл ішінде осындай сәні мен салтанаты келіскен қалаға айналғаны таңқаларлық», – дейді. Ол урбанизация жағдайында қалаларды дамытуда мемлекет пен бизнес байланыста болу керек деп санайды. 

Карло Кастелли, AECOM Стратегиялық жоспарлау және қалалар дизайны бойынша директоры:

- Сіздердің елдің астанасы – өте жас әрі бас қала. Осы беталысынан қайтпаса, әлемдегі ең әсем шаһарлардың біріне айналатынына сенінім мол. Қаланы қай тұрғыдан болсын дамытуға ыңғайлы. Қалалар әлемінің өзі үлкен бір ғылым. Бастысы, халыққа жайлы болуы керек. Әрине, тұрғындар инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен мәдени орындардың орналасуы ыңғайлы болғанын қалайды. Бұл бағытта сіздерде үкімет пен бизнес арасындағы әріптестіктің нәтижесі жақсы екенін білемін.

Астана экономикалық форумы  әлемдік деңгейдегі пікірталас алаңына айналды. Алқалы жиында жаһандық сын-қатерлер жайында тұщымды ойлар, ұтымды пікірлер айтылды. Ауқымды шара тағы бір мәрте Қазақстанның болашаққа деген ұмтылысын, Мемлекет басшысының абыройын асқақтатты. Форум делегеттары мен сақа саясаткерлердің  пікірі осы.

Хабар 24 телеарнасы