386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдық қос шебер бұйымдарын EXPO - 2017 көрмесіне апаруға ниетті

  • 965

Батыстың қос қызы EXPO - 2017 халықаралық көрмесіне өздерінің қолөнер бұйымдарын, атап айтсақ, айрықша кәдесыйларын апаруға ниетті.

Оралдық Салтанат Құспаева мен Тоғжан Бабиеваның туындылары бүгінде елімізде кеңінен танымал.

Салтанат пен Тоғжанның өнер жолында тоғысуы оқу орны қабырғасындағы достықтан басталыпты. Көркемөнер және дизайн факультетінде бірге оқыған қос қыз кейіннен бірге жүріп сабақ та берген. Осыдан 7 жыл бұрын олар өздері жеке студия ашуды қолға ала бастайды. Алғашында мектеп қабырғасы мен жарнамалық стендтерді безендіруден бастапты. Ал қазір панно жасаумен айналысуда.

Салтанат Құспаева, шебер:

- Біз негізінен бұған кенепті пайдаланамыз. Өйткені бұл материал ауа кіргізіп тұрады және композицияны жақсы ұстайды әрі кенеп басқа да материалдармен жұмыс істеуге ыңғайлы. Мәселен, жақында мынадай тәжірибе жасап көрдік. Тәжірибені көп жасай беру керек. Сонда ғана шыңдаласың.

Қыздар алдымен панноның сызбасын сызып алады. Сосын оны одан ары жетілдіруге арнайы шақырылған жас ағаш шеберлері мен зергерлер кіріседі. Қыздардың айтуынша, бұл өнерде асқан шыдамдылық пен ерекше шығармашылық қажет. Сонда ғана жасаған дүниең әдемі боп шығады дейді шеберлер.

Тоғжан Бабиева, шебер:

- Қолданылған материалдарымыз – ол киіз, былғары, ағаш, сонымен бірге кескендеме техника әдістері, графика әдістері. Әртүрлі әдісті біз араластырып, бір жұмыста бірнеше әдісті пайдаланамыз.

Салтанат пен Тоғжанды Астана мен Алматы қалаларында өтетін көрмелер мен шеберлік сабақтарына жиі шақырады екен. Бірақ жас шеберлер басты мақсатымыз – ерекше махаббатпен сапалы жасалған бұйымдарды көбейтіп, отандастарымыздың бір-біріне сый тарту мәдениетін жоғары деңгейге шығару дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Ботагоз Базарбаева, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы