476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Астаналық оқушы ЕХРО қонақтары үшін арнайы мобильдік қосымша жасады Featured

  • 1016

Астанада өтетін ЕХРО көрмесінің қонақтары үшін арнайы мобильдік қосымша әзірленді.

Ол арқылы келушілер павильондардың қалай орналасқанын және көрме маңында қандай ойын-сауық орталықтар бар екенін біле алады. Бұл бағдарламаны беделді IT компаниясы емес, 4 сынып оқушысы ойлап тапқан.

Аймен Нұржан жасының кішкентай болғанына қарамастан ІТ технологиялар саласына қызығушылық танытып жүр. Алғашқы жетістіктері де жоқ емес. Жақында мектеп оқушысы ЕХРО көрмесінің картасы енгізілетін мобильді қосымша ойлап тапты.

Аймен Нұржан, мектеп оқушысы:

- Мен осы ЕХРО-2017 көрмесіне, Астананың дамуына үлесімді қосқым келді, осы үлесімді қосайын деп ЕХРО-2017 туралы мобильдік бағдарлама жасадым. Бұл келген қонақтарға көмегін тигізеді, келген қонақтар осы бағдарламаны өздерінің телефондарына жүктейді деп ойлаймын.

Аймен бағдарламалаудағы алғашқы қадамдарын инвентор академиясында жасады. Мұнда әрбір баланы 3-ақ айдың ішінде өз жобасын дайындап, қолданысқа енгізуді үйретеді. Қазір курста 15 оқушы бар. Әрқайсысы өзінің ІТ саласындағы тың жаңалығын көпшілікке ұсынуға дайын десек қателеспейміз.

Жәнібек Қыдырәлиев, инвентор академиясының атқарушы директоры:

- Бізде жобалық білім беру болғандықтан, бала келген соң 3 ай ішінде өзінің бағдарламасын жасауға міндеттеледі. Сонымен қатар ол техникалық ағылшын тілін, креативті ойлау қабілетін дамытады. Қазір көп балалар қолына смартфон алып, ойын ойнап отырады. Ол ойын ойнағаннан гөрі сол ойындарды, бағдарламаларды неге өздері жасамасқа.

Жақын арада «Астана-ЭКСПО-2017» компаниясының өкілдері Айменге көрме нысандарының нақты қалай орналасатыны жайлы мәліметтер жіберуі тиіс. Оған дейін жас өнертапқыш мобильді қосымшаның тек қазақ тіліндегі емес, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын әзірлеп қоймақшы.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы