421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO көрмесі кезінде елордада жаңа өрт сөндіру депосы жұмыс істейді

  • 666

Астана EXPO көрмесі кезінде жаңа өрт сөндіру депосы жұмыс істейді.

Заманауи талаптарға сай салынған кешен көрме аумағынан 2 шақырым жерде орналасқан. Егер оқыс оқиға бола қалған жағдайда өрт сөндірушілер шамамен 5-6 минутта жетеді. Жаңа нысанның жұмыс барысымен бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин танысты. Мұнда оқу-жаттығу мұнарасы, баскетбол, волейбол алаңдары мен бақылау-өткізу пункті орналасқан.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары

- Жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан 1 млрд 200 миллион теңге бөлінді. 6 негізгі өрт сөндіру машинасы мен 130-ға жуық маман бар. Бұдан бөлек, Мәңгілік ел даңғылында тағы бір өрт сөндіру депосы орналасқан. Өздеріңіз білесіздер, халықаралық көрмені тамашалау үшін миллиондаған саяхатшы келеді. Сондықтан көрме аумағындағы нысандарда оқыс оқиғаның алдын алу үшін барымызды саламыз.

Сондай-ақ, Асқар Мамин EXPO аумағында орналасқан полиция бөлімі мен логистикалық орталықтағы көлік құралдарын тексеру тәртібімен танысты. Жалпы халықаралық шара кезінде 9 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Оның ішінде 2 300-ге жуық тәртіп сақшысы өзге өңірлерден келеді. Көрме аумағы түгелдей тәртіп сақшылардың бақылауында болмақ. Осы мақсатта 2 мыңға жуық бейне-бақылау камерасы орнатылып қойған. Қазірдің өзінде мобильді құрылғылардың көмегімен кешенге жеткізілген жүктер мен тауарлар жіті тексеріліп жатыр. Логистикалық орталықтың аумағы 27 мың шаршы метр.

Сабыр Жүсіпбеков, қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Көрме аумағына келетін жүк, павильондарға қойылатын тауар болсын, ең алдымен осы орталықта тексеруден өтеді. Қауіпсіздік шараларына сәйкес, жарылғыш, химиялық, адам денсаулығына зиян келтіретін кез-келген затты анықтайтын арнайы құрылғы бар. Мұнда тексеруден өткен жүкті уақытша сақтау қоймасына жібереміз. Содан кейін павильондарға апаруға рұқсат беріледі. Бүгінге дейін көрме аумағына мың тоннадан астам жүк жіберілді. Оның барлығы дерлік құрылысқа қажетті материалдар.

Хабар 24 телеарнасы