476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елорда ескі шиналардан тазарды

  • 821

Астана ескі автокөлік дөңгелектерінен толық тазартылды.

ЕХРО қарсаңында елордалық шина өңдеу зауыты осындай тарту жасап отыр. Кәсіпорын оларды қоршаған ортаға зиян келтірмейтін технологиямен бөлшектеп қана қоймай, қалдығын 100% кәдеге жаратады.

Қазір көлік саны күн өткен сайын көбейіп жатыр. Ал олардың жарамсыз дөңгелектері қауіпті. Яғни, резеңкесі өздігінен ыдырамайды және жанғыш келеді. Ал өртесе, денсаулыққа зиянды канцерогендер бөледі. Осыны ескерген жергілікті кәсіпкер арнайы зауыт ашқан. Кәсіпорын қаланы ескі дөңгелектерден тазартып, 2 жыл бұрын берген уәдесін қазір 100% орындап отыр.

Ермек Әбдиев, зауыт директоры:

- 2015 жылы 1500 тонна қалдықты өңдеп-жойсақ, 2016 жылы ол көрсеткіш 4000 тоннаға жетті және жұмысымыздың жағдайына қарап 2017 жылы 8 мың тонна қалдықты өңдейміз деп сенеміз.

«Жылына 8 мың тонна шинаны өңдеу ешқандай қиындық тудырмайды», - дейді зауыт басшысы. Бір жақсысы – өңдеуден шығатын қалдықтарға сұраныс жоғары. Яғни, шикізат күйінде одан спорт алаңдарының төсенішін, жол бағаналарының жабынын, тіпті, рельс астына төсеніштерге дейін жасайды.

Ермек Сакишев, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл зауыттың әлеуеті зор. Жалпы бұл бастаманы қазір бүкіл әлем болып қолға алып жатыр. Ал Астана кәсіпорнындағы неміс технологиясы ТМД көлемінде жалғыз. Яғни, ешқандай химиялық қоспалар араластырмайды және қоршаған ортаға зияны жоқ.

Қалдықты өңдеу саласына мемлекет те үлкен қолдау жасап, өткен жылы арнайы заң шығарды. Соның арқасында осындай зауыттар ескі шиналарды 10 теңгеден қабылдау мүмкіндігін алды. Бұл Үкімет үшін де, зауыт үшін де, әлеумет үшін де тиімді болмақ.

Авторлары: Аслан Қаженов, Дәурен Жұрқабаев

Хабар 24 телеарнасы