418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕХРО кезінде Астанада 4 мыңнан аса мәдени шара өтеді

  • 672

Жалпы, 93 күн бойы қазақ халқының тарихы мен ұлттық салт-дәстүрлері паш етіледі.

Бүгін Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі осылай деді. Этноауыл мәдени шаралардың ошағына айналады. Онда күн сайын қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды ұлттық ойын түрлері көрсетіледі. Ал 11-12 маусым күндері «Қазанат» ипподромында бәйгеден Президент сыйлығына халықаралық турнир өтеді. Бұған қоса көрме кезінде көкпардан әлем чемпионаты да ұйымдастырылады. Оған 15 елден 150-ден аса спортшы қатысады. 17 шілдеде Мәскеу-Астана-Сиань бағытында халықаралық ралли марафоны басталады. Демеушінің қаржысына ұйымдастырылатын жарысқа 80 елден 1,5 мыңнан астам адам қатысады. Сондай-ақ, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы-2017» марафоны да жоспарланып отыр. 100-ден аса мемлекеттің ақпарат құралдары бұл шара жөнінде хабар тарататын болады. 9 қыркүйекте Қанат Ислам мен басқа да танымал спортшылардың жекпе-жегі өтеді. Бір ғана «Астана Опера» театрында 50-ден аса қойылым сомдалады. «Ла-Скала» сынды белді театрлардың ұжымы өнер көрсетеді. Түрлі көрмелер өтеді. Еліміздің өңірлері де атсалысып, елордадағы мәдениет күндерін ұйымдастырады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- «Астана Операдағы» қойылымдарға сұраныстың көптігінен қазір билет сатуды уақытша тоқтаттық. Бұл күндері ауқымды саммиттер мен форумдар өтетінін ескеріп, билеттің біраз бөлігін осы шара қатысушыларына қалдырып қойдық. Қазір «Ла-Скала» театрымен тағы да қойылымдар қою үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, «Астана-Аренада» Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. 6 күн ішінде 7 мың билет сатылып кетті. Сондықтан Димаш Құдайбергеннің 2 рет концерт беруі мүмкін. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында мәдениет нысандарын дамыту мәселесі қаралды. Сала басшысының айтуынша, қазір елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ұйымдары жұмыс істейді. Қазір осы мекемелердің қызметін бір жүйеге келтіру бойынша тиісті шаралар атқарылып жатыр. Бұл ретте Үкімет басшысы саланы одан әрі дамытуды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Мәдени нысандарын жаңғырту, рухани құндылықтарды дәрптеу мәселесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жан-жақты айтылды. Мұны білесіздер, баршаларыңыз оқып тастыңыздар. Қоғамдық сананы жаңғыртып, тарихымызды танытуда көп мәселе мәдени нысандардың жұмысына да байланысты болып отыр. Сондықтан да Мәдениет және спорт министрлігі саланы одан әрі дамытып, мәдени нысандарға көпшіліктің қолы жететіндей іс-шараларды қабылдауы қажет.

Хабар 24 телеарнасы