426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Берлин тұрғындары ЕХРО керуенін тамашалады

  • 940

ЕХРО керуені Германия астанасына жетті.

Мәдениет пен туризмді насихаттап, Қазақстан жайлы толыққанды ақпарат ұсынатын керуенді қызықтаған халықтың қарасы қалың.

ЕХРО керуені Испания, Франция, Ұлыбритания, Нидерланд мемлекеттерінде болып, енді Германияға табан тіреді. Берлиннің нақ төрінен орын тепкен ЕХРО павильоны жергілікті тұрғындардың қызығушылығын тудырды.

Штефель, көрермен:

- Маған қазақ елі ұнайды. Миланда болғанымда Қазақстан павильонын көрген едім. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын қазір әлемде қызу талқылайды. Сонымен қатар сіздердің табиғаттарыңыздың сан алуандығы да таңқалдырады. Содан кейін Қазақстанға барғым-ақ келіп жүр.

Біздің елдің басты ерекшеліктерін мұнда интерактивті мониторлар мен ақылды гаджеттер арқылы тамашалауға болады. «Қазақ даласының Швейцариясы» атанып кеткен Бурабайдан бастап, Шымбұлақ секілді тау-шаңғы курорттары да туристерді ойландырғаны анық.

Кай-Уве, көрермен:

- Біз осы жолы ЕХРО көрмесіне міндетті түрде барамыз. Қазақстанда 10 күндей демалғымыз келеді. Алдымен Алматыға барып, сосын Астананы бетке аламыз. Бірнеше күн көрмені тамашалаймыз. Осы сапарды күн санап күтіп отырмыз.

Германия да көрмеге белсенді дайындық жүргізген. ЕХРО кезінде бұл елдің павильоны ең ірілерінің бірі болмақ. Олар басым бөлігін альтернативті энергияға арнап, автокөлік саласындағы жаңашылықтарын көрсетпек. Оның ішінде электр қуаты арқылы жүретін көліктер де бар. 

Юрген Климке, Бундестаг депутаты:

- Мен ЕХРО-ның ашылуына барамын. Инновациялық әлемнің тегіс көз тігетін көрмесі болады. Менің ойымша, жазда Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс одан әрі нығая түсетін секілді. Одан кейін айта кететін бір жайт бар. ЕХРО кезінде және одан кейін туризм дамиды. Неміс халқы саяхаттағанды ұнатады. Біздің көптеген отандастарымыз Қазақстанға қыдырып барып жатса, таң қалмаңыздар.

Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасының аймақтық бөлімінің директоры:

- Шілдеге қарай біздің елден делегация аттанады. Сол кезде екіжақты бизнесті дамыту бойынша отырыстар белгіленген. Химия, автокөлік және туризм салалары бойынша келісімшарттарға қол қойылады. Германия үшін Қазақстан сол аймақтағы қарқынды дамыған жалғыз әріптес десем, артық емес. 

Берлиннен кейін ЕХРО керуені Польшаға бет бұрады. Бұл елден соң Еуропадағы саяхатын Финляндия астанасы Хельсинкиде аяқтайды.

Авторлары: Ермұхамед Мәулен, Шолпан Найманбаев, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы