388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Варшавадан Астанаға тікелей әуе рейсі ашылды

  • 612

Астанадағы ЕХРО көрмесіне еуропалық туристер енді Варшаваның өзінен тікелей ұшып келе алады.

Бұл екі елдегі ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ іскерлік қатынастарды құру үшін жаңа мүмкіндік болып отыр.

Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты қарым-қатынас күннен-күнге қарқын алып келеді. Бұған тек миллиардтаған ақшаның тауар айналымы мен бірлескен кәсіпорындар ғана емес, тікелей әуе бағыттары да дәлел. Ендігі жерде Варшавадан Астанаға тіке ұшып келуге болады. Яғни жұмыс бабымен не демалуға келгісі келетін поляктар да осындай тамаша мүмкіндікке ие болып отыр.

Варшава әуежайынан ұшып шыққан ұшақ бортында 160 жолаушы бар. Олардың арасынан француздар мен немістерді, Бельгия халқы мен қазақстандықтарды және поляк азаматтарын кезіктіруге болады. Бұлар – Астанаға тіке ұшқан бақытты жолаушылар. Алғашқы әуе рейсінің қонақтары алған әсерлерін жасыра алмады. Себебі олардың көпшілігі тікелей әуе бағытының ашылуын асыға күтті.

Марта, жолаушы /Польша/:

- Не деген керемет жаңалық! Өз басым Киев, Мәскеу, Челябі, Самара арқылы көп ұштым. Менің ойымша, бұл бағыттардың поляктар мен қазақстандықтар үшін, жалпы Еуропа үшін де берер пайдасы көп болады.

Владимир, жолаушы /Польша/:

- Тіке рейс ашылғаны қуантады. Бұған дейін визасыз режим енгізіліп еді. Енді жиі ұшуға тырысамыз, әрине. Бір жыл бұрын Минск арқылы ұшқанбыз. Өте ауыр болды. 1,5 сағат бойы ұшақ ауыстырып жүруші едік. Тіпті, 18 сағат бойы ұшқан күндеріміз болды. Шаршайтынбыз.

Ерасыл, жолаушы /Қазақстан/:

- Жолға кететін уақытымыз әлдеқайда қысқарып шыға келді. Ұшақтардың ұшу кестесі де көңілге қонымды. Қазір бір билеттің құнымен бір-ақ рет ұшақ ауыстырамыз. Яғни Вроцлав қаласынан Астанаға қарай тез жететін болды.

Екі ел астанасының арасын жақындата түскен тікелей әуе рейстеріне бизнес саласының өкілдері де дән риза. Польшалық кәсіпкерлердің пайымдауынша, бұл жаңалық екіжақты қарым-қатынастың дамуына жаңа серпін береді.

Прземислав Петер, бизнесмен:

- Мен логистикамен айналысатын халықаралық компанияда жұмыс істеймін. Қазір Қазақстанға бара жатырмын. Польша қазақ елінің нарығына қызығушылықпен қарайды. Сондықтан екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз қажет. Жаңадан ашылған әуе бағыттары екі елдің де экономикасы үшін маңызды. Бизнестің дамуына мүмкіндік береді. Мен бұған өте қуаныштымын!

Жолаушыларды LOT поляк әуе компаниясы тасымалдайды. Қазір олар әлемнің 60-тан астам еліне ұшып жүр. Қазақстан поляктар үшін Орта Азия бойынша алғашқы және әзірге жалғыз бағыт. Boeing-тер аптасына 4 рет ұшады. ЕХРО қарсаңындағы жаңа бағыттарға қазірдің өзінде сұраныс көп.

Рафал Мильчарский, Польша әуе компаниясының президенті:

- LOT әуе компаниясы Астанадағы ЕХРО-ның ресми серігі саналады. Сондықтан Қазақстанда жұмыс істейтін кәсіпкерлерден сұраныс жоқ емес, бар. Біз осы бағытты ашқанымызға қуаныштымыз!

Көптеген еуропалық туристер үшін Қазақстанға саяхат жасау қолжетімді бола бастады. Әуеде 5 сағат өтті. Сіз Астанадасыз!

Қазақстан мен Польшаның күш біріктіруі арқасында Еуропа мен Азия жаңа әуе бағыттарымен толықты. Тараптар Варшава мен Астана арасындағы әуе қатынастары екі елдің арасында үлкен сұранысқа ие болатын бағытқа айналатынына үміттенеді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы