389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бішкек тұрғыны ЭКСПО-2017 көрмесіне өзі құрастырған велосипедпен аттанды

  • 555

Өнертапқыш Муратбек Султанбеков кіндік қаны тамған Бішкектен Қазақстанның бас қаласы Астанаға өзі жасаған электрлі велосипедпен жолға шықты. Шебер осы қадамы арқылы қазақстандық ғалымдар мен өнертапқыштарды және жасыл технологияны қолдаушыларды дәріптеуді мақсат етіп отыр.

Муратбек Султанбеков мына үш дөңгелекті велосипедті бастан-аяқ өзі жинап құрастырған. Оның қозғаушы күші алдыңғы дөңгелекте орналасқан – электрлі мотор. Ол 120 шақырымға есептелген қуатты аккумулятордан алады. Осыған қарамастан, көлік сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Сарыарқаға сапарға шыққан өнертапқышты жел генераторы бар көлігі алып жүреді. Оның міндеті – электрлі велосипедіндегі аккумуляторды қуаттап отыратын энергияны өндіру. Жел генераторының авторы – қазақстандық өнертапқыш Жанболат Мұзбаев. Бірегей құрылғы тез құралады әрі электр қуатын әлсіз желде де өндіре береді. 

Муратбек Султанбеков, өнертапқыш:

- Электрлі велосипедімді  түрлі салада қолданылатын кәдімгі тоқпен қуаттандырамын. Бұл өте ыңғайлы, әрі экологиялық тұрғыда таза көлік. Көпшілікке көрсетіп , көрмеде баламалы энергияның маңыздын айтып жеткізсем деймін. Әрі осы қуатты пайдаланып, 1 жарым мың шақырым жерді еңсерген алғашқы адамның бірі болмақпын.

Экосапардың басты мақсаты – халыққа ғаламшарымызды экологиялық тұрғыдан таза ететін жасыл энергетиканың мүмкіндігін көрсету. Игі шараға Бішкек әкімшілігінің қолдау көрсетуі де тегін емес. Өйткені шаһар билігі ірі қаладағы ауаның ластану түйткілін жақсы түсінеді. 

Алмаз Кенебаев, Бішкек қалалық кеңесінің өкілі:

- Біздің азаматымыздың осындай велосипед ойлап тауып, Астанадағы Экспо-2017 көрмесіне барып қатысатыны мақтан тұтарлық жайт. Сондай-ақ, экосапарды Қырғыз елі бірінші болып қолға алғаны да көңіл қуантады.

Велосапар жасыл экономиканы насихаттау және ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылып отыр. Бағыт-бағдар жолы Қырғызстан, Қазақстан, Армения, Беларусь және Ресей жерлері арқылы өтеді. Шара барысында Муратбек Султанбековке ілесетін азаматтар да Қазақстан халқы мен шетелдіктерге отандық өнімдер мен технологияларды таныстыруды көздеп отыр. 

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы