470,90 450,91 8,85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ЭКСПО-да ғылыми жетістіктермен қатар алуан түрлі халықтың дәстүрі таныстырылады

  • 1049

Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуына аз ғана күн қалды. Бүгінде шараға қатысушы мемлекеттер баламалы және қайта жаңғыртылатын энергия көздері мен жаңа жобаларын таныстыруға дайын. Экспозициялар құрылып, көрермендерін күтіп тұр. Павильондарда тек ғылыми жетістіктер ғана емес, түрлі халықтың дәстүрлері мен мәдениеті де таныстырылады.

ЭКСПО көрмесінің павильондарына 60 мың шаршы метр жер бөлінген. Онда жүзден астам ел мен 20 халықаралық ұйым өздерінің ғылыми жетістіктерін ұсынады. Бүкіл қалашық үш ай бойы «болашақ энергиясы» тақырыбын насихаттап, үнемді технологиялардың көрмесіне айналады. Әр ел мен ұйымдарға өз жобаларының көлеміне байланысты жәдігерлерін қоюға жер бөлінеді.  

Титима Ломтом, Таиланд павильонының менеджері:

- Біз өте көп тарихи және мәдени құндылықтарымызды көрсеткіміз келеді. Павльоннның бірінші секциясында көрермендерге муай-тай өнерін көрсетіп, шоу ұйымдастырамыз. елімізде қолданылатын баламалы энергия көздерімен таныстырамыз. павильонның екінші секциясында болашақ энергиясы тақырыбындағы мультфильмдер 3D форматында көрсетіледі. үшінші секцияның ішінде - зертхана орналасады. онда көрермендер энергияны азық-түлік өнімдерінен, көкөністерден алуға болатынына көз жеткізеді.

Павильондардың құрылысына қазақстандық мердігерлермен жасасқан келісім-шарттар бойынша 54 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Мәмілелердің жалпы саны 379. Демек, ЭКСПО ғимаратын салуда отандық кәсіпорындардың қызметі мен өнімдері барынша көп қолданылған. Бүгінде шараға қатысушы-мемлекеттердің павильондары көрмеге сақадай сай. Алайда, әзірге өз жобаларын құпия күйінде сақтап отыр. Олар бұқараны көрме кезінде таңдай қақтырамыз дейді. 

Мишель Лау, Малайзия павильонының директоры:

- Біз 10 маусым күні ашылатын павильонымызға барлық астаналықтар мен қала қонақтарын шақырамыз. бұл шараға Малайзияның энергетика министрі келеді деп жоспарланған. ең алдымен біз тропикалық ормандарымызды көрсеткіміз келеді. сондай-ақ қайта жаңғыртылатын энергия көздері таныстырылады. Малайзияның мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрлері де көрсетіледі. 

ЭКСПО-2017 көрмесінің басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде 115 ел мен 13 халықаралық ұйым өздерінің павильондарына орналасқан. Тағы 6 ұжым дөңгелек үстел, экспозициялар мен мастер-класстар ұйымдастырады деп жоспарланып отыр. 

Авторы: Мөлдір Доспаева

Хабар 24 телеарнасы