425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шанхайда «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған естелік банкноттар шықты

  • 1272

Номиналсыз ақша елордадағы «ЭКСПО-ға» құрмет әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына арналып отыр.

Нұрбек Бекен, тілші:

-Бұл естелік банкноттарды Қытайлық Вань бао корпорациясы мен Шанxайдың «Чжаньдао» мәдени орталығы бірлесіп дайындады. Әрине,  «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының келісімін алған. Номиналсыз банкнотта елорда символы «Бәйтерек» бейнеленген және «Астана ЭКСПО-2017» xалықаралық көрмесіндегі Қазақстан павильоны бар. Ал екіншісінде Қытайдың Қорғаны мен Бейжіңдегі 1420 жылы Мин патшалығы тұсында тұрғызылған Аспан ғибадатxанасы басылған. Банкнот әлемдегі ең озық валюта жасау теxнологиясымен шыққан. Бедерлеу, сандық қорғаныш, металл лента, жасырын белгілер өте ұқыпты дайындалған. «Қос банкнот – екі ел ынтымақтастығының айнасы, бір белдеу бір жол стратегиясы мен Нұрлы жол бағдарламасы тоғысуының символы іспеттес», – деп жазады жергілікті басылымдар.

Жошыхан Қыраубаев, ҚР Шанхайдағы бас консулы:

-Екі елдің арасындағы мызғымас қатынастардың 25 жылдық мерейтойына арналған Қытай тарапы жасаған достық тартуы болып отыр. Сонымен қатар 2010 жылғы Шанхайдағы ЭКСПО ғимаратының негізінде Қытай үкіметі дүниежүзілік мұражайын ашты. Қазіргі таңда сол мұражайда ЭКСПО-ға арналған арнайы бөлім бар.

Банкнотты шығарушы тараптың мәліментінше, 1851 жылдан бері өткізіліп келе жатқан көрме тарихында тұңғыш рет «ЭКСПО-2017» көрмесіне естелік банкнот арналып отыр.  Жалпы саны – 5000 дана. Қытай тарапы банкноттың 001 сериясын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту ретінде ұсынбақшы.

Хабар 24 телеарнасы