382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық шаруа қожалықтары жел генераторларын орнатуға кірісті

  • 455

Павлодардың шаруа қожалықтары күннен қуат алатын батареялар мен жел генераторларын орнатуға кірісіп кетті.

«Болашақтың энергиясы» деген атауға ие болған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне төрткүл дүние көз тігіп отырғанда, елдегі ағайын да қарап қалмады. Табиғаттың өзі сыйлаған мүмкіндікті кәдеге жаратып, игілігін көріп отыр. 

Жапандағы жалғыз шопан үйіне де өркениеттің лебі жетті. Жарықпен бірге үйге жылылық пен қуаныш бірге келді. Үлкен-кішінің жүзі жадырап, балалар мәз болысты. 

Электр қуатының арқасында үйдегі тұрмыстық техникаларға да жан бітті.

Жанна Мүкірова, қожалық жұмысшысы:

- Жарық қосылды дегенді естіп немерелерім келді. Көңіліміз көтеріліп, қуанып отырмыз. Енді теледидардан жаңалық көретін болдық. Кір жуғыш машинаны қосып алдық. Ұзақ жылдар аккумулятормен отырған едік.

Жел генераторларымен күн сәулесінен қуат алатын панельдерді орнатумен отандық фирма айналысады. Жаңа технологияның эксплуатациялық мерзімі шамамен 30 жылға жетеді. Тапсырыс берушілердің дені шаруа қожалықтары. 

Евгений Ивлик, мердігер компания өкілі:

- Стансаның қуаттылығы 500 бас ірі қараны сумен қамтамасыз етуге жетеді. Тұрмыстық техникалар, яғни тоңазытқыш, теледидар, спутникті тарелка және жарық қосуға жарап жатыр.

Серік Төлеуғазыұлы ұзақ жылдар мал шаруашылығында еңбек етеді. «Баламалы қуат көздерінің пайдасын алдымен малшылар көруі тиіс»,дейді.

Серік Төлеуғазыұлы, шаруа қожалығының басшысы:

- Әрине, бірінші біздің адамдарға жарық керек. Екіншіден, біздің даламыздағы «ЭКСПО-ның» бір нышаны, көрінісі.

«Болашақтың энергиясы» тақырыбын қамтыған «ЭКСПО-2017» көрмесі осы баламалы қуат көздеріне, қоршаған ортаға залалы жоқ «жасыл» экономикаға негізделген. Қазба байлығы мол даламызда күн мен желдің де қуатын пайдалануға мүмкіндік көп. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы