384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еріктілер «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтары мен қатысушыларына қызмет көрсетуге дайын

  • 592

Еріктілер халықаралық мамандандырылған көрме қонақтары мен оның қатысушыларына қызмет көрсетуге дайын.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақов баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді. Көрме кезінде еріктілердің де көмегі зор болмақ.

Кез келген кешенді іс еріктілерге тәуелді. Халықаралық шара кезінде шарқ ұрып, қызмет жасайтындар да солар. Уақытпен санаспайтын, ешкіммен де жөн айтысып, таласпайтын, мәселенің байыбына баратын, ақырында алғысқа кенеліп алатын ерікті аталған жұртты әлем халқы әбден танып алды. Бағыт сілтейтін, көмек көрсетуге ұмтылатын елгезек жандар Астанадағы «ЭКСПО-да» да жұмыс істейді. Қазір оларда да қарбалас. Соңғы дәрістерін тыңдап, білімдерін жаңғыртып, әлемнің төрт бұрышынан жиналған жұртқа қызмет көрсетуге дайындалуда.

Аида Сыздықова, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің функционалды бағдар жетекшісі:

- Еріктілерге қарап шетелдік қонақтар Қазақстанның қандай екенін, қазақ халқының қаншалықты қонақжай екенін білетін болады. Жыл бойы олар теориялық материалдарды, «ЭКСПО» көрмесі бойынша тарихынан бастап осы функционалды бағдар қызметтеріне дейін оқу үйренді.

Еріктілер жыл бойы оқумен шектеліп қана қоймай, өздерінің әлеуметтік жобаларын іске асырды. «Бұл белгілі бір идея айналасында біріктіру үшін жасалды», – дейді Аида.

Аида Сыздықова, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің функционалды бағдар жетекшісі:

- Мысалы, менің жобалық тобым еріктілердің онлайн мектебі атты жобаны іске асырды. Бұл жоба аясында олар мобильді қосымшаны ойлап тапты, сол қосымшаны жасап шығарды. Бұл қосымшада еріктілерге қажет мәліметтер бар.

Аида ғана емес. Еріктілер қатарына жазылған 4500 қыз-жігіттің бәрі де халықаралық көрмеге ерте дайындалды. Жыл бойы дәріс алды, «ЭКСПО-лар» тарихын оқыды. Астана көрмесінің құрылысымен жіті танысты. Тіл меңгеруде тереңдеді.

Дилара Кунафиянова, ерікті:

- Мен билет тексеру бағытында жұмыс істеймін. Біздің еріктілер билеттерді тексереді және келетін адамдарға бағытты көрсетіп, орындарын тауып беріп, отыруына көмектесеміз.

Қазір медиа орталықта жұмыс қызып тұр. Мұндағы 26 еріктінің атқарып жатқан істері қомақты. Әсіресе шетелдік тілшілер көмектеріне көп жүгінеді екен. Тіркеуден бастап керек ақпаратты тауып беруге дейінгі шаруа осылардың мойнында.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы