476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ЭКСПО кезінде Таразға барған туристерге 8 бағытты тамашалауға болады

  • 1115

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі барысында Жамбыл облысына жүз мыңнан астам турист келеді деген жоспар бар. Қонақтар назарына 8 туристік бағыт бойынша 33 тарихи нысан ұсынылады.  Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Ақыртас» сарай кешені мен Берікқара шатқалында орналасқан ежелгі қорымдар бар.

«Ақыртас» сарай кешені Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. Қызыл түсті тастан қаланған тарихи нысан жайлы алғашқы дерек қытай қолжазбаларында кездеседі. Барлығы мұнда 70-ке жуық түрлі бөлмелердің орны қалған. Мамандардың мәліметінше, құрылыс жұмыстарының басталуы 8-нші ғасырға тиесілі. Мұндай сәулет өнерінің ерекше көрінісі Қазақстанды былай қойғанда тіпті Орталық Азияда кездеспейді.

Алмас Мұхтаров, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің бөлім жетекшісі:

- Қала жөнінде бір деректерде қамал дейді, бір деректерде қорған дейді. Енді біз үлкен 4 гектар аумақтағы қаланы көріп отырмыз. Мұнда шеберлер ауылы, тас карьері, сонымен қатар қалашықтың өзінің бірнеше бөлмеге бөліп тұрғандығы, қамалдың есігін, осының барлығы біз Ақыртас қалашығының бүгінгі күнге дейінгі жеткендігін айта аламыз.

Тарихи нысанға қарай жуырда 8 шақырым жол салынды. 100-ден астам көне жәдігер қойылған мұражай өз жұмысын бастады. Бұл кешен туристерді таң қалдырмай қоймайды дейді мамандар.

Қарлығаш Аралбекова, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Бір ай уақыт ішінде облысымызға 24 мемлекеттен 40-тан астам турист келіп кетті. Оларға қызмет етуге 24 туроператор тіркелген, 100 ерікті жұмыс істейді. Көбі шет тілдерді жетік білетіндер.

Меймандарды сондай-ақ Берікқара шатқалында орналасқан ежелгі қорымдар да бей-жай қалдырмайды. Мұнда бас-аяғы 411 оба бар. Қазба жұмыстары барысында мұнда бағалы әшекей заттары, қару-жарақ, қыш құмыралар табылған. Обалардың айырмашылығы биіктігінде, ең үлкені 7 метрге дейін жетеді.

Қуаныш Дәуренбеков, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі директорының орынбасары:

- Әрбір қорғанның биіктігіне, не төмендігі, көлеміне байланысты ондағы адамның дәрежесін анықтауға болады. Мұнда 10-нан астам патшалық қорымдар бар, патшалық қорғандар деп есептеуге болады. Осы төңіректе табылып отырған материалдарға байланысты, яғни, тас, топыраққа қай жерден тасымалдануына ыңғайлы, сол жерде төбелер үйіп отырған.

Аймақтағы барлық тарихи нысандарда үш тілде толық мәлімет жазылған ақпараттық тақтайшалар қойылған. Ең көп туристер «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, Қарахан және Айша бибі кесенелеріне келеді деп жоспарлануда. 

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы