428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әзербайжан ЭКСПО-2017 арқылы еліндегі баламалы қуат көздерін дамытпақ

  • 764

Әзербайжан  ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде өзінің болашақ энергетикасы мен баламалы қуат көзін ұсынады. Бакудың «Өткеннен болашаққа жалғасатын қуат» деген ұраны да сондықтан. Қарт Каспийдің арғы жағындағы көршіміздің дайындығы қалай?

Елде электр қуатын өндірудің баламалы көзі тек 10 пайызды құрайды.  Көмірсутек қорының тапшылығы Жасыл технология бағытын ұстануға септігін тигізді. Бірақ күн мен желі, тауы,  өзен-көлі бар Әзербайжан үшін бұл шешілмейтін мәселе емес. Астанада өтетін Экспо кезінде бұл ел павильонының аумағы 400 шаршы метр болмақ.  

Джямиль Маликов, Баламалы қуат көздері жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары:

- Әзербайжан ЭКСПО көрмесінде технологиялық жағынан жақсы жабдықталған павильонын ашады. Біз келушілерді жаңғыртылатын  қуат саласындағы жетістігімізбен таныстырмақ ойдамыз. Павильонымыз өзге әріптестермен тәжірибе алмасу алаңына айналады деген үміт басым.

ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберінде Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Жасыл энергияны дамыту жаһандық жоспары орындалады деп күтіледі.  

Джямиль Маликов, Баламалы қуат көздері жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары:

- Өткен жылы Бакуде 7-халықаралық энергетика форумында министрлер үшін «Баку үндеуі» қабылданды. Бұл құжат Астанада өтетін 8-форумда бекітілуі мүмкін. Құжатта әлем экономикасын дамытудағы баламалы энергия маңыздылығы көрсетілген. Басты мақсат - табиғи энергетиканы жетілдіру.   

Бейінді ұйымдар Экспо-2017 көрмесін қатысушыларымен қоян-қолтық байланыс орнатудың таптырмас мүмкіндігі деп қарастырады. Өйткені елордаға әр саланың басын ұстаған мыңдаған компания өкілдері келеді.

Яхъя Бабанлы, «Азерэнержи» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Бұл өзара әріптестік үшін жаңа мүмкіндік. Біз теорияны практика жүзінде тексереміз. Әзербайжан электр қуатын экспорттайтын мемлекет ретінде бұл салада елеулі жетістікке жетті. Өйткені бізде экологиялық таза электр станциялары бар. Менің ойымша, биылғы Экспо күллі әлемдегі Жасыл энергияны қолдануды кеңінен насихаттайды.

Ел павильоны үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге келушілер республиканың тарихымен және мәдениетімен танысады. Екінші бөлім жаһандағы энергетикалық мүмкіндіктерге арналады. Ал үшінші бөлімде көрменің қатысушылары Баку қаласын виртуалды түрде аралайды. Ұйымдастырушылар меймандарды қызықты бағдарламалармен қарсы алуға уәделетті.   

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Шафаг Алиева, Эльшан Шахбалаев

Хабар 24 телеарнасы