380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылуынан 60 нүктеден сигнал таратылады Featured

  • 756

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылады.

Елордаға келген 17 мемлекеттің басшылары бүгін Қазақстан мен өзге де елдердің павильондарын аралайды.

Бес жыл бойы бүкіл қазақ елі күткен «Астана ЭКСПО-2017» шамамен бір сағаттан кейін басталады. Жалпы, «ЭКСПО» қай елде өтсе де танымалдылығы жағынан ең ауқымды шаралармен тең тұратын маңызды оқиға. Мұнда тек ғалымдар мен мемлекет басшылары ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылады.

Айта кетейін, бастапқы кезде тек 100 ел қатысады деп жоспарланған болатын. Алайда Астанадағы көрмеге деген қызығушылық жан-жақтан түсіп, келемін деушілердің қатары біршама артты. Осылайша Еуразияның жүрегіне 115 ел мен 22 халықаралық ұйымдардан жалпы саны екі миллионнан астам қонақ пен шамамен 5 миллион қатысушы келеді деп күтілуде. Дәл қазір біз «ЭКСПО» көрмесі аумағында орналасқан медиа орталықтамыз. Мұнда тек бүгіннің өзінде 30-дан астам мемлекеттен 130-ға жуық журналист бізбен бірге шараның ашылу салтанатын күтіп отыр. Жалпы баспасө-орталық өз жұмысын сәуір айында бастаған болатын. Бүгінде «ЭКСПО» шарасына 1200 тілші, аудармашы, техникалық қызметкерлер тіркелген екен. Олардың басым бөлігі өз елінде отырып-ақ 93 күн бойы Астанада өтіп жатқан шарадан ақпаратпен қатар, бейнематериал да ала алады. Бұл осы баспасөз-орталықтың техникалық мүмкіндіктерінің арқасында жүзеге асырылады. Ал бүгін шараның салтанатты ашылуынан 60 нүктеден 4 жедел телевизиялық стансадан сигнал таратылатын болады.

Көрменің басты тақырыбы «Болашақ энергиясы». Демек, мұнда жасыл экономика саласындағы барлық елдердің жетістіктері көрсетіліп, технологиялық жаңалықтар таныстырылады. Жалпы көлемі 25 гектарды құрайтын көрме аумағында қатысушы мемлекеттердің павильондары, мен негізді нысан – сфера бар. Қазақстанның жәдігерлері сол сфераның ішіне орналасады. Шамамен бір сағаттан кейін Астанаға келген 17 мемлекеттің басшылары да сол «Нұр Әлемнің» ішіне жиналады. Делегацияның келуі арнамызда тікелей эфирде көрсетіледі. «ЭКСПО-ның» салтанатты ашылу рәсімі 20:17-де басталады. Мұндай уақыттың таңдалуы бекер емес. Өйткені шара 2017 жылы өтіп жатыр. Мемлекет басшылары көрмені аралып, Қазақстан экспозицияларын тамашалайтын болады. Әрі қарай қонақтар көрме аумағы мен қатысушы елдердің павильондарымен танысып, көрменің ресми ашылу салтанатын көреді. Кейін бағдарлама бойынша Амфитеатрда концерт ұйымдастырылады. Содан соң кешкі 22:30 шамасында көрермендер сферадағы проекциялық лазерлі шоу мен таңғажайып фейерверкті тамашалайтын болады.

Авторы: Мөлдір Доспаева

Хабар 24 телеарнасы