425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Н.Назарбаев: «ЭКСПО-2017» – барлық елдерді бір-бірімен байланыстыратын алтын көпір Featured

  • 831

«ЭКСПО» көрмесі ресми түрде ашылды.

Салтанатқа 20-ға жуық мемлекеттің басшылары мен премьер-министрлері қатысты.

2012 жылы Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясында жаһан жұртының таңдауы Бельгияның Льежіне емес, Қазақстанның елордасына түскен еді. Міне, санаулы жылдар ішінде Еуразия кіндігінде бой көтерген арманы асқақ Астана әлем елдеріне кезекті рет өз әлеуетін паш ете білді. Мұнда ағылған мемлекет басшыларының барлығы Қазақстанмен етене араласуға мүдделі. Дамудың даңғыл жолындағы елімізбен орайы келгенде ортақ іс бастауға ниеттілердің қатары жыл санап артып келеді.

Көздің жауын алатын көрме, көшбасшыларға арналған қызыл кілем. Төрткүл дүние тағатсыздана күтіп отырған шарапаты мол шараға арнайы келген мәртебелі меймандарды Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Әлем» павильонында ыстық ықыласпен қарсы алды.

Қараса көз тоймайтын нысанның диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр шар түрінде тұрғызылған. «Болашақ энергиясы» деп айдар таққан тақырып та кездейсоқ емес. «Болашақ энергиясы» – бұл қазіргі заманның түйткілді шешімдерін шешуге бағытталған кең тақырып болып отыр. Осы ретте тараптар көрменің бар сән-салтанатына куә болды. Елбасы әр елден келген әріптестерімен қол алысты, естелік суретке түсті.

Әрі қарай Нұрсұлтан Назарбаев меймандармен көрме кешенінің Конгресс-орталығына бет бұрды. Тараптарға энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктер мейлінше кеңінен таныстырылды.

Тоқтаусыз ұрған ду қол шапалақ, мерекелік көңіл-күй жиылған жұртты жадыратып, жайната түсті. Осы орайда Ұлт көшбасшысымен қатар әлем елдерінің президенттері және шетелдік делегаттарға тарихи тағылымы мол теңдессіз жиыннан «Болашақ энергиясына» қатысты бірегей үзінді ұсынылды. Театрландырылған инновациялық шоу бастаманың көрігін қыздырып қана қоймай, келушілердің делебесін қоздырды.

Осы орайда ғылыми идеялар мен жаңғыртылған энергияға қаныққан көшбасшылар жиылған жұртқа ресми түрде таныстырылды.

Көп күттірмей ортаға еліміздің көк байрағы мен Халықаралық көрмелер бюросының туы шығарылып, мемлекетіміз бен ұйымның ресми әнұраны шырқалды.

«ЭКСПО» көрмесі тарихының тамыры ғасырлардан сыр шертеді. Халықаралық көрме Лондон, Париж, Брюссель, Чикаго секілді әлемнің әйгілі шаһарларында өткенін атап өткен жөн. Кезек Астанаға да келді. Дүниені дүбірге бөлейтін шараға шартараптың басым бөлігі келгенін көз көрді.

ТМД елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген теңдессіз шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мінберден сөз алып, қазақ жеріне арнайы келген меймандарға ризашылығын білдірді. «ТМД елдері арасында тұңғыш рет өткізіліп отырған «ЭКСПО» көрмесінің біз үшін шоқтығы биік», – деп атап өтті Президент. Себебі халықаралық «ЭКСПО» көрмесі жаңа идеялардың бесігі саналады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қымбатты қазақстандықтар, ханымдар мен мырзалар. Әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, әлем көрмелерінде тарихи күн. «ЭКСПО» көрмесінің шымылдығы ашылды. Біз «ЭКСПО» көрмесін ТМД елінде алғаш рет өткізгелі отырмыз. 35 елдің қатарындамыз. Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана жаңа қырынан танылатын болады. 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. «ЭКСПО» осыдан 166 жыл бұрын жаңа идеялардың бесігі болып табылады. «ЭКСПО» – ғылыми жаңалықтар көрмесі ғана емес, барлық елдерді бір-бірімен байланыстыратын алтын көпір. 100-ден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Қалада жаңа әуежай, қонақүйлер бой көтерді. Осының барлығы «ЭКСПО-дан» кейін елге қызмет ететін болады.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандану заманында жаңа жетістіктерге қол жеткізбесе болмайтындығын атап өтті. Елбасы Қазақстан қойнауы қазба байлыққа толы ел болғанымен, жасыл экономиканы жадынан тастамайтын мемлекет екенін паш етті. Осы орайда Елбасы еліміздің ең үздік жобалары ұсынылған «Нұр Әлем» павильонына тоқталып, ұлы дала төріндегі шараны ашық деп жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын бізге артқан сенім үшін алғысымды білдіргім келеді. Осымен «ЭКСПО» көрмесін ашық деп жариялаймын. Ұлы даланың төріне қош келдіңіздер!

Санаулы жылдар ішінде таңдай қақтырарлық кешен тұрғыза білген Қазақстан Президенті мен Үкімет мүшелеріне Халықаралық көрмелер бюросының президенті ізгі ілтипатын жеткізді.

Стин Кристенсен, Халықаралық көрмелер бюросының президенті:

- Мен үшін керемет көрмеге сіздермен бірге қатысу үлкен абырой. Күллі әлем көз тіккен осы «ЭКСПО» көрмесі аясында қыруар шаруа атқарылғанын атап өткен жөн. «ЭКСПО» көрмесі – дүниежүзі халқы қызығушылық танытатын бірегей оқиға. Дамудың даңғыл жолына түскен қазақ еліне бұл жолы дүние жүзінің сарапшылары жиналады. 93 күн бойы шараға келушілер болашақ энергиясының қауқарына куә болады. Бұл ретте бізге осындай алаң ұсынып отырған Астанаға және Қазақстан Президентіне кезекті рет алғысымды білдіріп, баршаларыңызға сәттілік тілеймін!

Халықаралық «ЭКСПО» көрмесінің ашылу салтанаты әрі қарай мерекелік бағдарламаға ұласты. Бұл ретте көрме кешені алаңында субұрқақтан түрлі шоумен қатар 6 мың адамға арналған Амфитеатрда арнайы жасыл технологиялардың бар қауқарын паш ететін қойылым ұйымдастырылды. Бұл ретте «Нұр Әлем» павильоны ғимаратының сырты сфералық лазерлік шоуға бөленіп, оның соңы салтанатты отшашуға ұласты. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысатын халықаралық көрменің есігі келем деушілерге 10 қыркүйекке дейін айқара ашық.

Авторы: Елдар Бақпаев

Хабар 24 телеарнасы