418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЭКСПО көрмесінде «Медикер» компаниясының павильоны ашылды

  • 724

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде «Медикер» медициналық орталықтар желісінің павильоны ашылды. Салтанатты рәсімге еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та қатысты. Күні кеше шымылдығы түрілген ауқымды шараның ресми әріптесі көрмеге келушілерді отандық медицина саласындағы жетістіктерімен таныстырды.

«Жер Ана» бейнесіндегі бұл туынды «Болашақ энергиясы - өмір қайнары» деп аталады. Көз тартар стенд отандық медицинаның цифрлы келешегі тақырыбын қамтиды. Ал ана құрсағындағы сәбиді осы саладағы инновациялық жетістіктер қорғап тұр. Бұл туынды өскелең ұрпақ пен болашақ қоғамның қауіпсіздігін тек жоғары технологияның қамтамасыз ете алатындығын көрсетеді. Бүгін Экспо аумағынан «Медикер» павильонының ашылу рәсіміне еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов та қатысты.  

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жеке компанияларда медициналық қызметтердің сапасы да жоғары. Халыққа көп мүмкіндіктер беріп жатыр. Барлықтарымызға мәлім еліміздегі жеке медицинада «Медикер" үздік компания деп айтуға болады. Біздің әріптестерімізге бүкіл «Медикерге» жақсы жұмыс пен табыс тілеймін.

Көрмеге келушілердің назарына жергілікті медицинада қолданылып жүрген құрал-жабдықтар ұсынылды. Оның қатарында ультрадыбысты зерттеу аппараты, адам ағзасының көшірмесін жасайтын 3Д принтерлер, болашақ ананың жүктілік кезеңін бақылау құралдары, эндоскопиялық хирургия бейнекешені бар. Еске сала кетейік, «Медикер» компаниясы – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің медицина саласындағы басты әрі жалғыз әріптесі.    

Жанболат Сәрсенов, «Атамекен» ҰКП Төралқасының мүшесі:

- «Медикер»  – нарықта 17 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан ірі отандық компаниялардың бірі. Экспо көрмесіне келушілердің денсаулығына жауап беретін де осы көп салалы кәсіпорын. Алдағы 3 ай бойы шараға қатысушыларға медициналық қызмет көрсетудің дәл осы мекемеге бұйырғанын бекер емес деп ойлаймын.

«Медикер» медициналық орталықтар желісінің көрмесін ЭКСПО аумағынан С 4.6 павильонынан көре аласыздар. Еске сала кетейік, ел аумағында 20-дан астам бөлімшесі бар мекеменің ресми сайтында апта сайын жүргізілетін ұтыс арқылы ЭКСПО билеттерін иемденуге болады.

Хабар 24 телеарнасы