419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында EXPO-ға 70 мың билет сатылған

  • 717

«ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға Ақмола облысынан күніне орта есеппен 1 мыңнан астам адам аттанады.

Туризм басқармасындағылардың айтуынша, Ақмола өңірі Астанаға жақын орналасқандықтан, аймақ тұрғындарының көрмені көруге деген қызығушылығы жоғары. Қазірдің өзінде 70 мыңнан астам билет сатылған. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл көрсеткіш әлі де еселене түседі. Көкшетау қаласының тұрғыны Екатерина Жданова ЭКСПО қалашығына ертең баруды жоспарлап отыр. Бойжеткен шетелдің мәдениетімен танысып, «жасыл технологияға» байланысты тың жобаларды көргісі келеді.

Айта кетейік, көрме қонақтарын Ақмола облысы да қарсы алып жатыр. Аймақта қазір 30-ға жуық туристік бағыт ұйымдастырылған.

Екатерина Жданова, қала тұрғыны:

– Көрмені көріп келген таныстарым ЭКСПО-ны теңдессіз шара деп, тамсанып айтып жатыр. Мен де сондай керемет дүниені тамашалауға асықпын. Болашақтың энергиясы жайлы көп білгім келеді. Еліміз үшін бұл көрменің берері мол деп ойлаймын.

Шынарбек Батырханов, облыстық туризм басқармасының басшысы:

– Біздің Ақмола облысы енді астаналық аймақ болғандықтан, күніне 1 мыңнан астам турист біздің туркомпаниялар арқылы барады. Осы бірінші жұманың ішінде Ақмола облысынан 9 мыңдай турист барайын деп отыр. Былайша айтқанда, 70-тен астам Ақмола облысының туркомпаниясы өз бағдарламаларын дайындады.

Хабар 24 телеарнасы