427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытай басылымы Астанадағы EXPO-ны Жерді сақтаудың үмітіне теңеді

  • 785

EXPO 2017 көрмесі күллі әлемнің назарын Қазақстанға аударды. Әлемнің танымал ақпарат құралдары «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығын жарыса жазып жатыр. Ақпараттың дені   энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты даму және ауа райындағы өзгерістерді зерттеп-зерделейтін  халықаралық ұйымдардың жұмысымен етене таныстыра түспек.

Жер қойнауынан алынатын отын үстемдігінің дәуірі аяқталуға жақын. Экологиялық таза қуат көздері - адамзат болашағы. Бұл дәуір тіпті сарапшылар болжағаннан әлдеқайда ерте басталатын түрі бар.  EXPO 2017 көрмесінде ұсынылған жасыл энергетика саласындағы соңғы ноу-хаулар осыған дәлел. Әлемнің 70-тен аса елінде хабар тарататын Қытайдың Си Джи Ти Эн (СGTN) ақпарат агенттігі осылай деп жазған.

ҮЗІНДІ:

Адамзаттың орны толмайтын отынға тәуелділігі ғаламшарға нұқсан келтіріп жатыр. Ал EXPO-ның мөлдір шары - жаһанды сақтаудың үміт оты.

//Humanity’s reliance on fossil fuel is killing the planet. Yet, a look into expo’s crystal ball gave hope that Earth will still live.//

Бұл басылым Қазақстандағы «жасыл жаңғыртуға» көңіл бөліп, 2050 жылға дейін еліміздің баламалы қуат көздерінің үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарын ерекше атап өткен.  

Ал шетелдік қонақтар EXPO көрмесінен алған әсерімен бөлісіп жатыр. Мысалы, туристер Астана көшелеріндегі сары велосипедтерге назар аударған. Олар қытайлық Ofo компаниясына тиесілі. И Си Эн Эс (Ecns.cn) сайтының хабарлауынша, осы екі дөңгелекті көлікке міну үшін жалға беретін орынды іздеудің қажеті жоқ, ұялы телефонға орнатылған қосымша арқылы пайдалануға болады. Астанада осындай 1000 велосипед бар. Тұрақтар көрмеге апаратын негізгі көшелерде орналасқан.

Британияның басты ақпарат құралы Би-Би-Си корпорациясы EXPO жөнінде арнайы репортаж дайындаған. Бейнематериалда Астанада жаңғыртылатын қуат көздері саласындағы әлемнің ең озық тәжірибесі мен технологиялары, жаңа зерттеулер мен жетістіктері ұсынылғаны айтылған.  

Авторлары: Бекболат Тұрмаханов, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы